Нұр-Сұлтанда бір тәулікте 160 жол апаты болды
Кешеден бері астанада ауа райы бұзылып тұр
Елордада ауа райының қолайсыздығына байланысты бір тәулік ішінде 160 жол апаты тіркелді. Зардап шеккендер жоқ.
Кеше сағат 20:10 шамасында «Лада» маркалы көліктің 26 жастағы жүргізушісі Қарқаралы тас жолы бойымен Қосшы қаласы жағынан Қабанбай батыр даңғылына қарай бара жатып, ауа райын ескермей, 41 жастағы жүргізуші басқарған «Фольксваген» маркалы автокөлігімен соқтығысқан. Аталған жағдай салдарынан, кептеліс пен жолдың нашар көрінуінен тағы 4 көлік соғылған, – дейді қалалық полиция департаменті.
Сондай-ақ кеше Shacman автокөлігінің жүргізушісі Талапкер ауылы жағынан Астрахань тас жолымен бара жатып, рөлді басқара алмай, басқа Shacman көлігімен соқтығысқан. Осыдан кейін тағы 3 автокөлік соғылған.
Нұр-Сұлтанның полиция департаменті ауа райының күрделі жағдайын, температураның төмендеуін, көктайғақты ескеріп, өте мұқият болуды, белгіленген жылдамдық режимін қатаң сақтауды, күрт тежеуге жүгінбеуді, қашықтық және бүйірлік аралықты сақтау керектігін ескертеді.
Елімізде ауа райы қолайсыздығынан 111 жол учаскесі жабылды. Астанадағы боран салдарынан бір түнде 160 адам құтқарылды. Елорда әуежайында рейстер кешігіп жатыр.