×

Елордадағы боран: Бір түнде 160 адам құтқарылды

Олардың 52-сі - балалар

 Қымбат Елтайқызы 30.03.2022 | 09:59
фото: ашық дереккөзден

Нұр-Сұлтан қаласының төтенше жағдайлар департаменті қаладағы қазіргі жағдай туралы ақпарат берді.

30 наурыз күні таңғы сағат 8.00-ден бастап ауа райының тұрақталуына байланысты республикалық және облыстық маңызы бар автожолдардың барлық бағыты бойынша көлік қозғалысы ашылды, – дейді астаналық ТЖД.

Өткен түнде ауа райының нашарлауына байланысты (боран, екпінді жел, нашар көріну, көктайғақ) елордалық құтқарушылар күшейтілген режимде жұмыс істеп, 35 рет көмекке шықты. Онда қала және қаланың жақын маңдағы учаскелерінде авариялық-құтқару операцияларын жүргізу кезінде 160 адам, оның ішінде 52 бала құтқарылды. Барлық бағыт бойынша азаматтар мен автокөліктерді эвакуациялауды жүзеге асыратын жоғары өтімді техника (Кунг, Трэкол) патрульдеу жүргізді. Жол полициясымен бірге автокөліктердің өтуіне жол бермеу үшін бекеттер қойылды. Қала бойынша аялдамаларда автобустарды күтіп тұрған азаматтарды жеткізу үшін 25 жергілікті вахташы жұмыс істеді. Блок-бекеттерде халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ТЖД қызметкерлері полиция департаментімен және жол иелерімен бірлесіп, тиісті түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

«112 желісіне 2175 қоңырау келіп түсті. Сондай-ақ 29 наурыз күні сағат 18-20-дан бастап 30 наурыз сағат 6.00 аралығында қатты жел, боран салдарынан болған жағдайлар бойынша 18 хабарлама тіркелді. Оның ішінде: ағаштардың құлауы, сынған шамдар, шатыр профлистерінің бұзылуы және басқалар. Барлық жағдай меншік иелерінің күшімен жойылады. Қатты жел салдарынан қалалық ауруханаларға 3 адам жүгінген, оның ішінде бір бала бар», – делінген ақпаратта.

Авариялық-құтқару жұмыстарына барлығы жеке құрамнан 40 адам және 15 бірлік техника жұмылдырылды.

Елорда тұрғындары мен қонақтарына ауа райының өзгеруін және енгізілген шектеулерді қадағалап, дауылды ескерту жарияланған жағдайда қаладан тыс жерлерге барудан бас тартып, қырағы болуға кеңес береміз. Жел күшейген жағдайда ғимараттардан шығуды шектеуге кеңес айтамыз. Балаларды ерекше бақылауға алу және оларды қараусыз қалдырмау маңызды. Егер сізді көшеде қатты жел кезіңнде болсаңыз, жерасты өткелдеріне немесе ғимараттардың кіреберістеріне тығылуға кеңес береміз. Қатты желден үйлердің қабырғаларына жақын жасырынбаңыз. Өйткені шатырлардан шифер мен басқа шатыр материалдарының құлауы мүмкін. Төтенше жағдай туындаған жағдайда 112 телефонына қоңырау шалыңыз!, – деп ескертті қалалық төтенше жағдайлар департаменті.

Бұған дейін елімізде ауа райы қолайсыздығынан 111 жол учаскесі жабылғаны белгілі болды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама