×

Елімізде ауа райы қолайсыздығынан 111 жол учаскесі жабылды

Олардың 52-сі республикалық және 59-ы облыстық маңызы бар жолдар

 Ербол Тұрымбет 30.03.2022 | 09:00
фото: ашық дереккөзден

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, өткен тәулікте құтқару бөлімшелері Нұр-Сұлтан қаласы, Ақмола, Ақтөбе, Қарағанды, Қостанай облыстарында 372 адамды, оның ішінде 312 баланы құтқарып, эвакуациялады, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Ақмола, Қарағанды, Павлодар, Қостанай облыстарының жылыту пунктерінде 89 адам, оның ішінде 11 бала бар. Автожолдардың жабық учаскелерінде халықты эвакуациялау үшін 40 уақытша жылыту пункті дайындалды.

Қазір Ақмола, Алматы, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарында автожолдардың 111 учаскесі жабылды. Олардың 52-сі республикалық және 59-ы облыстық маңызы бар жолдар, – дейді ТЖМ.

Өткен тәулікте Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында, Ақмола, Алматы, Ақтөбе, Атырау, Жамбыл, Қарағанды, Қызылорда, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарында қатты дауыл салдарынан шатырлар бұзылып, ағаштар құлап, ішінара электр энергиясы ажыратылды. 

Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында әрі Алматы облысында төтенше жағдай салдарынан 6 адам, оның ішінде 3 бала зардап шекті. 

Қазгидромет мәліметінше, Шымкент қаласынан басқа өңірлерде бүгін де дауылды ескерту жарияланды. Қар мен жаңбыр жауып, желдің екпіні секундына 15-20 метрге күйшейуі ықтимал.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама