×

173-ші нұсқа: Елтаңба жайлы сіз білмейтін қызықты деректер

Елтаңбаның алғашқы үлгісі пенопластан дайындалған

 Ербол Тұрымбет 27.02.2023 | 16:27
Фото: baq.kz

«Герб» сөзі поляк («herb») және неміс тілінен («erbe») аударғанда мұра деген мағына береді. Ол геральдика ережесімен жасалып, иесін өзгелерден ажырату үшін қолданылады.

Мемлекеттік Елтаңбамыздың алғашқы нұсқасы Ташкенттен «КамАЗ» жүк көлігімен жасырып жеткізілген. Өйткені диаметрі 2 метр болатын Елтаңба ұшаққа да, пойызға да сыймаған. 

Елтаңба 1992 жылы 4 маусымда қабылданған. Президенттің «Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк рәмiздерi туралы» конституциялық заң күшi бар Жарлығымен 1996 жылы 24 қаңтарда белгiленген.
Елтаңбаның алғашқы үлгісі пенопластан дайындалған. 1992 жылы 4 маусымда бекітілген жоба 5 жылдан соң қоладан құйылған. Салмағы 32 келі жаңа үлгісі Астанаға құрмет күзетімен жеткізілген.

2004 жылы Елтаңба Астанада гипстен жасап шығарылды. Бірақ бұл үлгі технологиялық жағынан дамымаған болып шықты. 

Елтаңбадағы қос тұлпардың мүйізінде 7 сақинадан бар. Ол 7 сақина – тектіліктің таңбасы. Тұлпарлардың алып қанатының астындағы кіші, ортаншы және үлкен қауырсындар – ұлы жүз, орта жүз, кіші жүзді білдіреді. Арасындағы «Белестер белгісі» – қожа, сунақ, төрелер.

Бірақ тұлпарлардың «мүйізі» депутаттарға ұнамаған. Біреулері «көшпелі деген мағынаны білдіреді, елі жоқ, жұрты жоқ дейді» деп шүйліккен. Депутаттар одан бөлек, «Күн мен Айда исламның иісі шығады» деп, ал жұлдызды Кеңес одағының белгісі деп қабылдағысы келмеген. Сөйтіп ол белгілер алынып тасталғалы жатқанда, сессиядан бір күн бұрын тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаев хабарласып, «мүйізі» де, басқасы да орнында қалған.

Төменде таспа белдігінде ірі әріппен «ҚАЗАҚСТАН» деген жазуы болды. СТ РК 989-2014 «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы Техникалық шарттар» ұлттық стандарты өзгертіліп, 2018 жылдың 1 қарашасынан бастап ол «QAZAQSTAN» деп жазылатын болды.

Қазақстанның елтаңбасын құрастыруда авторлар 293-тен аса жоба ұсынған. Қазіргі қолданыстағы нұсқасы байқауға 173-болып ұсынылған. Ал байқау сыйақысы 20 мың рубль болған.

Қазақстан Республикасының мемлекеттік елтаңбасының авторлары – Жандарбек Мәлiбеков пен Шота Уәлиханов.

1992 жылы 4-ші маусымда Жоғарғы Кеңестің сессиясында Президенттің және Үкімет басшыларының қатысуымен 5-6 сағат талқыланған рәміздеріміз – Тәуелсіз Қазақстанның Туы, Елтаңбасы және Әнұраны сағат 17:20 минутта қабылданып, маусымның 5-і күні Қазақстанның ашық аспаны астында көк байрағымыз желбіреді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама