×

Жыл басынан бері 45 млрд теңге жәрдемақы мен әлеуметтік төлем төленді

Көмек мүгедектігі бар және асыраушысынан айырылған азаматтарға берілді

 Дастан Жұмабекұлы 23.02.2023 | 10:49
фото: ашық дереккөз

Жыл басынан бері республикалық бюджеттен мүгедектігі және асыраушысынан айырылған азаматтарға мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларды (бұдан әрі – МӘЖ, – ред.) төлеуге 40 млрд теңге жұмсалды. Бұған қосымша Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (бұдан әрі – МӘСҚ, – ред.) еңбекке қабілеттілігінен және асыраушысынан айырылған адамдарға шамамен 5 млрд теңге әлеуметтік төлем төленді.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарлауынша, қазір мүгедектігі бойынша МӘЖ алушылар саны шамамен 531,3 мың адам, асыраушысынан айрылған азаматтар саны шамамен 190,8 мың адам болды.

Биылдан бастап мүгедектігі және асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің көбеюіне байланысты 8,5%-ға өсті. Мысалы, 1 қаңтардан бастап аурудан мүгедек болып, бірінші топқа жатқызылған азаматтарға 77 889 теңге, екінші топ үшін  62 068 теңге, үшінші топ үшін 42 190 теңге беріледі.

Бұдан басқа, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі бойынша азаматтарға МӘСҚ-дан әлеуметтік төлемдер төленеді. Мәселен, қаңтар айында еңбек ету қабілетінен айрылған 83,3 мың адам мен асыраушысынан айрылған 56 мыңға жуық азамат әлеуметтік төлем алды.

Бұл төлемдер республикалық бюджеттен төленетін жәрдемақыларға қосымша беріледі. 1 қаңтардан бастап Үкіметтің шешімімен әлеуметтік төлем 8,5%-ға көбейді.

Бүгінде еңбекке қабілеттілігінен айырылу бойынша әлеуметтік төлемдердің орташа мөлшері 33 146 теңге, асыраушысынан айрылу бойынша 34 349 теңге болып отыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама