×

Ғани Бейсембаев ұлттық пікірсайыс турнирінің жеңімпаздарын марапаттады

Бүгінде еліміз бойынша 6726 пікірсайыс клубы жұмыс істейді

 Динара Амантай 18.02.2023 | 12:43
Фото: Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі

Астанада 2 күн бойы ұлттық пікірсайыс турнирі өтті. Оған еліміздің бірқатар өңірінен 120 оқушы қатысты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, сайыстың барлық кезеңі америкалық парламент форматы (AПФ) бойынша өтіп, үздіктер анықталған. Қазақ, орыс және ағылшын лигаларында І орынды Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстары мен Астана қаласының командалары жеңіп алды. Жеңімпаздарды Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев арнайы құттықтады.

Пікірсайыс- көшбасшы жастарды тәрбиелейтін ең мықты құрал, білімге жетелейтін алтын баспалдақ десек те болады. Сіздер екі күн бойы сынға түсіп қана қоймай, жаңа дос таптыңыздар. Жаңа орта қалыптасып, өз білімдеріңді таразыладыңдар. Қатысушылардың барлығын және жеңімпаздарды құттықтаймын. Сіздердің әрқайсың – ел тізгінін ұстайтын азаматсыңдар! – деді Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев.

І, ІІ, ІІІ орын жүлдегерлері, «Үздік спикер», «Үздік оратор», «Үздік сарапшы» номинациясының иегерлері мен қатысушыларға Оқу-ағарту министрлігі атынан сыйлықтар табысталды.

Айта кетейік, қазіргі күні Республика бойынша 6726 пікірсайыс клубы жұмыс істейді. Онда 120 мыңнан астам оқушы құқықтық мәдениетті, азаматтық белсенділікті, жауапкершілікті, шығармашылық және сыни ойлауды, командада жұмыс істеуді үйренеді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама