Елу мыңнан астам тұрғыны бар Қосшы қаласында мемлекеттік емхана жоқ

Бауыржан Мұқанов

Қаладағы бес мектептегі орын саны бар болғаны 3 336 ғана

Коллаж: Halyq Uni

Halyq Uni басылымы Астана іргесіндегі елдімекендердің әлеуметтік инфрақұрылымын түгендеуді жалғастырады. Бұған дейін елордадан 19 шақырымда жатқан Целиноград ауданына қарасты Қараөткел ауылында екі мектеп қана екенін, аурухананың мүлде жоқтығын жазған едік.

Бірер жыл бұрын Целиноград ауданынан бөлініп шыққан Қосшы қаласында, 2023 жылдың 2 ақпанындағы мәлімет бойынша, 51 542 адам тұрады және Тайтөбе ауылындағы халық саны 2 795.

Halyq Uni жіберген редакциялық сауалға жауап берген әкімдік, қалада жалғыз жеке меншік емхана бар екенін мәлімдеді.

«Қосшы қаласында жеке меншік «Жанұя» емханасы жұмыс істейді, онда 33 400 адам тіркелген. Емхана екі мекен жайда қызмет көрсетеді. Емхана құрамында төртінші санаттағы шақыртуға шығатын жедел жәрдем бригадасы жұмыс істейді», – деп жауап берді әкімдік.

Әкімдіктің мәліметінше, алдағы уақытта облыстық денсаулық сақтау басқармасының тапсырысымен салынған №1 қалалық емхана өз жұмысын бастамақ. Жаңа емхана бір ауысымда 100 адамды қабылдай алады.

Мектептерге келетін болсақ, 50 мыңнан астам халық тұратын қалда 5 мектеп қана. Соның ішінде Тайтөбе ауылы мектебі 300 орындық, IT мектеп-лицейі 1200 орындық, Рақымжан Қошқарбав атындағы №1 жалпы білім беретін мектеп 436 орындық, №2 жалпы білім беретін мектеп 1200 орындық, жеке меншік «Дара» мектеп-лицейі 200 орындық.

Қалада жаңадан 3 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Оның екеуі мектеп мемлекеттік қаражат есебінен салынып жатыр, – дейді әкімдік.

Атап айтқанда, Нұрай ТК маңындағы мектеп 2023 жылы ашылады, орын саны 1200; Абай көшесіндегі мектеп құрылысы 2024 жылы аяқталады, орын саны 1200; Болат Өтемұратов қоры салып жатқан мектеп 2023 жылы пайдалануға беріледі, орын саны 1500.

«Жайлы мектеп» бағдарламасы бойынша тағы төрт мектептің құрылысы 2024 жылы басталмақ.

Сонымен қатар, қалада жалғыз Мәдениет үйі бар. 2023 жылы тағы бір мәдениет ошағының құрылысы басталмақ. Одан бөлек биыл спорт кешенін салу да жоспарланған.  

Halyq Uni Астана іргесіндегі елдімекендердің әлеуметтік инфрақұрылымын түгендеуді жалғастырады.