×

Әскери оқу орындарына түскісі келетіндер 30 сәуірге дейін өтініш жазуы қажет

Әскери оқу орындарына төрт кезеңнен өткен азаматтар қабылданады

 Айгерім Таубай 14.02.2023 | 15:57
Фото: ҚР Қорғаныс министрлігі

Әскери жоғары оқу орындарына түскісі келетіндер тұрғылықты жері бойынша 30 сәуірге дейін өтініш жазуы керек. Бұл туралы қорғаныс министрлігі Әскери білім және ғылым департаментінің бастығы Жұмабек Ахметов мәлімдеді, деп хабарлайды Halyq Uni.

Оның айтуынша, әскери институттарға оқуға құжат тапсыру үшін 30 сәуірге дейін тұрғылықты жері бойынша жергілікті әскери басқару органының бастығы атына өтініш жазады.

Денсаулығы бойынша оқуға жарамды, ҰБТ-ның 5 пәнінен кемінде 50 балл жинағандар (оның ішінде негізгі пәндердің бірінен кемінде 7 балл және қалаған пәндердің әрқайсысынан кемінде 4 балл) әскери институтқа 15-20 шілде аралығында құжат тапсыру үшін барады, - деді Жұмабек Ахметов орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Оқуға қабылдау кезінде талапкер әскери институтқа орналастырылады. Оның ішінде тамақпен қамтамасыз етіледі.

Азаматтар мен әскери қызметшілерді әскери оқу орындарына қабылдау тәртібі:

  • I кезең – кәсіби психологиялық іріктеу;
  • II кезең – әскери-дәрігерлік сараптама жүргізу ережесіне сәйкес қорытынды медициналық тексеру; 
  • III кезең – дене шынықтыру дайындығын тексеру;
  • IV кезең – конкурстық іріктеу және қабылдау.

Талапкер әр кезең бойынша бір рет бақ сынай алады. Алдыңғы кезеңнен өтпеген талапкер келесі кезеңге жіберілмейді.

Медициналық тексеру кезінде талапкерлердің әскери институтта оқуға жарайтыны тексеріледі. Оны медициналық комиссия іске асырады.

Содан кейін талапкерлердің ұпайы саналады. Екі талапкер бірдей ұпай жинаса, республикалық «Жас ұлан» мектептерінің түлектері, қосымша әскери дайындық бағдарламалары бойынша білім беру ұйымдарының оқушылары және әскери қызмет өткеру кезінде қайтыс болған, хабар-ошарсыз кеткен немесе мүгедектік алған әскери қызмешілердің балаларына басымдық беріледі.

Қабылдау комиссиясының шешімі 6 тамызда жарияланады. Институттарға қабылдау 8 тамызда жүргізіледі.

Биылдан бастап қорғаныс министрлігінің әскери оқу орындарына белгіленген әскери қызмет мерзімін өтеген азаматтар қабылдау емтиханынсыз оқуға түсе алады. Бұл жағдайда министрліктің жоғары оқу орындарына оқуға қабылдау әскери бөлімдерде бұрын өткізілген іріктеу нәтижесі бойынша жүзеге асырылады, - деді Әскери білім және ғылым департаментінің бастығы.

ТАЛАПКЕРЛЕР ҚАЙ ЖЕРДЕ ОҚИ АЛАДЫ?

Алматы қаласындағы Құрлық әскерлерінің әскери институты командалық мамандықтар бойынша кадр даярлайды.

Құрлық әскерлерінің әскери институты – жоғары әскери кәсіптік білім беру бағдарламасымен 6 мамандық және 14 біліктілік бойынша офицерлік кадр даярлайтын оқу орны.

Ақтөбе қаласындағы Әуе қорғанысы күштерінің әскери институты –Қарулы күштердің Әуе қорғанысы күштері үшін ұшу және инженерлік құрамды даярлау орталығы.

Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты Орталық Азия республикаларының арасында посткеңестік кеңістікте радиотехника мамандықтары бойынша инженер офицерлерді дайындайтын алғашқы әскери жоғары оқу орны. Институт 6 мамандық және 9 біліктілік бойынша офицерлер дайындайды.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті атындағы Ұлттық қорғаныс университеті магистратура мен докторантура бағдарламасы бойынша жоғары оқу орнынан кейінгі дайындықты жүзеге асыратын әскери білім мен әскери ғылымның ең жоғары орталығы.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама