Петропавлдағы оқиға: екі бала жансақтау бөліміне түсті
Қазір жасөспірімдердің жағдайы қалыпша
Петропавлда пышақ және балтамен қаруланған 9-сынып оқушысынан зардап шеккен екі балаға ота жасалды. Қазір олар жансақтау бөлімінде жатыр.
Солтүстік Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, бүгін таңғы сағат 8:26-да облыстық көпбейінді балалар ауруханасының қабылдау бөліміне жедел жәрдем қызметі жарақат алған 3 баланы жеткізген.
Жарақат алған балалардың біреуіне қабылдау бөлімінде көмек көрсетіліп, ол амбулаторлық ем алу үшін үйіне жіберілді. Қалған екі бала жедел түрде ауруханаға жатқызылды. Оларға дереу ота жасалды. Қазір екі баланың да жағдайы қалыпша. Балалар жансақтау бөлімінде жатыр, – делінген хабарламада.
Бұған дейін Петропавлдағы №4 орта мектепте қаруланған 9-сынып оқушысының 3 балаға шабуыл жасағаны туралы мәлімет берілген еді. Содан кейін Оқу-ағарту министрлігі еліміздегі барлық мектептің қауіпсіздігі тексерілетінін хабарлады.