×

Петропавлдағы оқиға: Қазақстандағы барлық мектептің қауіпсіздігі тексеріледі

Оқиғаның себебін анықтау үшін арнайы комиссия құрылды

 Дәурен Ерболат 13.02.2023 | 13:08
Фото: pkzsk.info

Петропавлдағы жағдайдан соң еліміздегі барлық мектептің қауіпсіздігі тексеріледі, деп хабарлады Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі.

Оқу-ағарту министрінің тапсырмасы бойынша Петропавл қаласындағы мектепте болған оқиғаға қатысты комиссия құрылды. Оның құрамында Балалардың құқықтарын қорғау комитеті, Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті, Солтүстік Қазақстан облысы білім басқармасының өкілдері бар, - деп жазылған хабарламада.

Сондай-ақ оқыс оқиға болған білім ордасында бейнебақылау камералары мен дабыл түймесі жұмыс істеген. Қазір оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. Сонымен қатар, бұл жағдайдан соң Қазақстандағы барлық мектептің қауіпсіздігі тексерілетін болды.

Облыстық, республикалық маңызы бар қалалардың білім басқармаларына еліміздегі барлық жалпы білім беретін мектептің қауіпсіздігін тексеру тапсырылды, - деп жазылған хабарламада.

Айта кетейік, бұған дейін Петропавлда жасөспірімнің мектепте 3 оқушыны жарақаттағаны хабарланған еді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама