×

Түркиядағы зілзала: қаза тапқан қазақстандықтардың денесі елге қашан жеткізілетіні айтылды

Барлық шығынды мемлекет көтереді

 Дәурен Ерболат 10.02.2023 | 16:47
Айбек Смадияров, СІМ ресми өкілі

11 ақпанда Түркиядағы зілзаладан қаза тапқан Қазақстан азаматтарының денесі Алматыға жеткізіледі. Бұл туралы Cыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

«Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Хатай провинициясы Антакия қаласындағы үй құлау салдарынан қаза тапқан Әділ Қадырбеков пен Мирболат Құрмашевтың туыстары мен жақындарына қайғыра көңіл айтады. СІМ қаза тапқандардың денесін Отанына жеткізу үшін барынша көмек көрсетеді. Отандастарымыздың денесі 11 ақпанда Анталия – Алматы рейсімен Қазақстанға жеткізіледі. Барлық шығынды мемлекет өз мойнына алады», - деді Айбек Смадияров.

Сондай-ақ СІМ ресми өкілі жер сілкінісінен аман қалған Сабина Мамадиярованың жағдайына тоқталды.

Қазір ол Адана қаласының мемлекеттік аураханасында. Кеше оның зақым алған қолына операция жасалды, жағдайы тұрақты. Дипломаттар оны емдеп жатқан дәрігерлермен тұрақты байланыста, - деді ресми өкіл.

Бұған дейін Хатай провинциясында үйінді астынан Сабина Мамадиярова аман табылғаны хабарланды.

Айта кетейік, соңғы деректер бойынша Түркиядағы жер сілкінісінен 18 342 адам қаза тауып, 74 242 адам жараланған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама