×

Еңбек министрлігі жұмыссыз жүрген 12 мың адамға хабарлама жібереді

Министрлік 23-35 жас аралығындағы жастармен кері байланыс орнатуды көздеп отыр

 Айгерім Таубай 08.02.2023 | 14:30
Halyq Uni

13 ақпаннан бастап еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жұмыссыз жүрген азаматтарға хабарлама жолдайды. Бұл туралы министрліктің халықты жұмыспен қамту департаментінің директоры Асқар Ниязов айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Ниязовтың айтуынша, хабарлама жұмыспен қамтылмаған 23 жастан 35 жасқа дейінгі 12 мың адамға жіберіледі.

Хабарлама арқылы азамат жұмыс іздеу мүмкіндігін пайдаланып, тегін оқудан өту, жұмысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлем алу бойынша сұрақтарға жауап алады.

Еңбек министрлігі азаматтың жұмыс іздеуге, білімді жетілдіруге немесе әлеуметтік жәрдемақы алу мүмкіндігі бар екенін хабарлайды. Демек, бұған дейін біз жұмыссыз жүрген азаматтардың өздері өтініш жібергенін күтіп отырсақ, енді олардың телефонына өзіміз хабарлама жібереміз, - деді Асқар Ниязов.

Қосымша ақпарат қажет болса, хабарламада тұрған сілтемені басуға болады.

«23 жасқа дейін жастар әскерде болады немесе жоғары оқу орнында білім алады. Азаматтардың оқу процесіне кедергі жасамау мақсатында 23 жасқа толған азаматтарға хабарлама жіберуді жөн көрдік. Бұл – пилоттық жоба. 12 мың адамға хабарлама жіберіп, кері байланысқа қарай жұмысты жетілдіреміз», - деді Асқар Ниязов БАҚ өкілдерімен кездесуде.

«Сілтемеге өткен адам қандай бос жұмыс орны бар, біліктілікті арттыру курстарына қалай баруға болады деген сияқты сұрақтарға жауап алады. Немесе 1414 нөміріне қоңырау шалуға болады», - деп түсіндірді Ниязов.

Айта кетейік, республика бойынша жастар арасындағы жұмыссыздық көрсеткіші – 3,8 пайыз немесе 80 мың адам.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама