×

СҚО-да 2 шетелдік заңсыз миссионерлікпен айналысқан

Олар адамдарды өздерінің ізбасарлары мен мессенджерлер арқылы тартқан

 Динара Амантай 07.02.2023 | 15:06
Фото: polisia.kz

Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер заңсыз діни қызметпен айналысқан екі шетелдікті жауапкершілікке тартты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, Ресей Федерациясының екі азаматы Петропавл қаласында заңсыз діни қызметпен айналысқан. Олардың Қазақстанда тіркелмеген діни ұйымның ізбасарлары екені анықталды.

Миссионерлер 2022 жылдан бастап облысқа келіп жүрген уақыттан бері қала тұрғындарын өз ұйымдарына тартып, «жанның тазаруы болады» деп уәде берген. Олар адамдарды өздерінің ізбасарлары мен мессенджерлер арқылы тартқан.

42 жастағы ер адам мен 60 жастағы әйел Я.Гашек көшесіндегі жалдамалы пәтерде ұсталды. Оларға қатысты ҚР ӘҚБтК 489-бабының 10-бөлігі («Қазақстан Республикасының қоғамдық бiрлестiктер туралы заңнамасын бұзу, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен тіркелмеген қоғамдық, дiни бiрлестiктердiң қызметіне басшылық жасау, қатысу, олардың қызметiн қаржыландыру») бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.

Осы баптың 10-бөлігінде тiркелмеген, сол сияқты қызметi тоқтатыла тұрған немесе оған тыйым салынған қоғамдық, дiни бiрлестiктердiң қызметiне қатысу туралы жазылған, – деді СҚО ПД бастығының орынбасары Руслан Назаров.

Аталған баптың санкциясына сәйкес, бұл үшін 50 АЕК мөлшерiнде айыппұл салу көзделген. Бұл ұйым Ресей Федерациясында тоталитарлық деп танылып, ол жақта да елдің бүкіл аумағында оның әрекетіне тыйым салынған.

Қазір құқық бұзушылардың заңсыз әрекеттеріне қатысты тексеру жүргізіліп жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама