×

Мың адам бостандыққа шығады: Парламент рақымшылық туралы заңды қабылдады

Ішкі істер министрі рақымшылыққа кімдер ілікпейтінін айтты

 Ербол Тұрымбет 02.12.2021 | 11:03
фото: Halyq Uni

Сенат депутаттары Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай әзірленген рақымшылық жасау туралы заңды қабылдады. Заң жобасын Сенат депутаттарына таныстырған Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың айтуынша, рақымшылық ардагерлерге, кәмелетке толмағандарға, жасы үлкендерге, бірінші және екінші топтағы мүгедектерге, қоғамға қауіп төндірмейтін адамдарға қолданылады. Ауыр және аса ауыр, сондай-ақ террористік және экстремистік қылмыстарға барған адамдар рақымшылыққа ілікпейді.

Министрдің айтуынша, қазір республикада 64 мекеме мен 16 тергеу изоляторында 34 мың адам бар. Оның 30 мыңына сот үкімі шыққан. Қалған 4 мың адамға қатысты тергеу жүргізіліп жатыр, қамауда отыр. 93%-і ауыр және аса ауыр қылмыс жасағаны үшін түрмеге жабылған. 45%-і оның алдында бірнеше рет сотталған. Сонымен қатар, 32 мың адам пробациялық бақылауда тұр.

Заң жобасы бойынша 2 292 сотталушыға, пробациялық бақылауда тұрған 11 753 адамға рақымшылық жасалады. Нәтижесінде 1 мың адам қамаудан бостандыққа шығады, 3881 адам пробациялық бақылаудан босатылады. 1330 сотталушының, пробацияда тұрған 7492 адамның жаза мерзімі қысқартылады, - деді Ерлан Тұрғымбаев.

Сондай-ақ сотқа дейінгі тергеу өндірісіндегі 5 мың қылмыстық іс қысқартылады. Оның ішінде 1674 адам қылмыстық жауаптан босатылады. 1471 адамға сот органдарының жаза мерзімін қысқарту немесе босату ережелері қолданылады.

Cенат төрағасы Мәулен Әшімбаев рақымшылық туралы заң қателескен адамдарға жаңа өмір бастауына мүмкіндік беретінін айтты.

Рақымшылық – бұл гуманизм актісі, заңды бұзған адамдарға қатысты мемлекеттің ізгі ниеті мен білдірген сенімі. Ол ардагерлерге, кәмелет жасына толмағандарға, егде жастағы азаматтарға, бірінші әрі екінші топтағы мүгедектерге және азаматтар мен мемлекеттің қауіпсіздігіне аса қатер төндірмейтін адамдарға қатысты қолданылады, - деді Сенат спикері.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама