×

Тараз әкімдігінің лауазымды өкілдері тергеліп жатыр

Олардың заңсыз әрекеттері салдарынан мемлекетке 159 млн теңге көлемінде залал келтірілді

 Динара Амантай 03.02.2023 | 17:35
Фото: ашық дереккөз

Таразда мектеп пен тұрғын үй салуға арналған жерлерді жекеменшікке өтеусіз берген әкімдік қызметкерлеріне қатысты тергеу жүргізіліп жатыр, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Жамбыл облысының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі Тараз қаласы әкімдігінің лауазымды тұлғаларына қатысты лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану фактісі бойынша қылмыстық істі тергеп-тексеріп жатыр.

Тергеу нәтижесінде 2021 жылы Тараз қаласы жер комиссиясының шешімімен жергілікті тұрғынға шаруа қожалығын жүргізуге арналған жер учаскесін жалпы ауданы 3,56 га болатын ғимараттар мен құрылыстар салуға арналған басқа 2 жер учаскесіне өтеусіз ауыстыру жүргізілгені анықталды. Жер учаскелерін негізсіз ауыстыру салдарынан мемлекетке 159 млн теңге көлемінде залал келтірілді.

Тергеу барысында Тараз қаласы әкімдігі жер қатынастары бөлімінің бұрынғы басшысы және аталған бөлімнің бұрынғы сектор меңгерушісі ұсталып, қалалық соттың санкциясымен қамауға алынды. Тергеу жалғасып жатыр.

Сонымен қатар, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет пен облыс прокуроры жер учаскелерін сот тәртібімен иеліктен шығару туралы шартты бұзу туралы мәселеге бастамашылық жасады. Мәселен, 6 қаңтарда Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімімен жер учаскелерін иеліктен шығару туралы шарт жарамсыз деп танылып, жер учаскелері мемлекеттік меншікке қайтарылды.

Азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатын одан әрі қолдау мақсатында облыс әкімдігімен мектеп пен көппәтерлі тұрғын үй құрылысына қайтарылған жер учаскесінің егжей-тегжейлі жоспарлануын түзету туралы келісімге қол жеткізілді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама