×

Есіл өзенінің мұзы ойылып, елордалық әйел итімен бірге суға түсіп кетті

ТЖД бөлімшелері келген кезде ит әлі де суда болды

 Еркеғали Болатұлы 01.02.2023 | 10:55
фото: Астана қалалық ТЖД

Кеше Астанада Есіл өзеніне батып бара жатқан әйел мен иті құтқарылды. Бұл туралы қалалық төтенше жағдайлар департаменті хабарлады.

31 қаңтар күні таңғы сағат 9.22-де елордалық ТЖД жедел-құтқару жасағының құтқарушылары Кенесары көшесі ауданында Есіл өзеніне иттің суға батып бара жатқаны туралы хабарламаны қабылдады. Белгілі болғандай, әйел итпен серуендеп жүрген. Кенет иті өзен үстіне жүгіріп шығып, мұз астына түсіп кеткен, - делінген ведомство мәліметінде.

Итін құтқармақ болып ұмтылған әйелдің әрекетінен нәтиже шықпай, өзі де суға бата бастаған. Сол уақытта сол маңнан өтіп бара жатқан ер адам құтқарушылар келгенге дейін әйелді судан алып шыққан.

«ТЖД бөлімшелері келген кезде ит әлі де суда болды. Құтқарушылар дереу оны шығаруға кірісті. Құтқару операциясы сәтті аяқталып, ит иесіне тапсырылды.Әйел мен үй жануарының жағдайы жақсы, олардың өміріне еш қауіп жоқ», - деп хабарлады қалалық ТЖД баспасөз қызметі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама