×

Ақтөбеде қыста балаларды суық сумен шынықтырып жүрген балабақша бар

Бұл үдерістің жүргізіліп келе жатқанына 40 жылға жуықтаған

 Еркеғали Болатұлы 27.01.2023 | 14:30
фото: дереккөз

Ақтөбелік бүлдіршіндер күннің ыстық-суығына қарамастан далада үстеріне салқын су құйынады. Тұрақты түрде шыныққан балалардың денсаулықтары жақсарған. Сондықтан ондағы мамандар көп жылғы тәжірибені өзге де балабақшаларға тарату керек деп санайды.

Суық сумен балалардың денсаулығын шыңдауды тәжірибелі жаттықтырушы Ольга Тарасенко жүргізеді. Ол – қыстыгүні суға түсуді әдетке айналдырғандардың бірі. Ал балабақшада жұмыс істеп жүргеніне 36 жыл болған. Өзінің айтуынша, балаларды салқын суға үйрету – кезең-кезеңмен жүргізілетін үдеріс.

Балалар да салқын сумен жуынып-шайынуға әбден үйреніп алған. Жалпы, бұл үдеріс 3 жастан бастап жүргізіледі. Ал 4 жастағы бүлдіршіндер далаға жалаң аяқ шығып, жүгірсе, 5-ке толғанда ашық аспан астында үстіне суық су құйып жуынады.

Бұл жаттығу жұмысы тек қана ата-аналардың рұқсатымен жүреді. Мен оларға балаларын жазда бассейн немесе өзен-көлге жиі апаруға, ал қыста суық сумен жуындыруға кеңес беремін. Ал мұнда барлық әдіс-тәсіл, массаж баланы жалаң аяқ жүргізумен өтеді. Мен ұзақ жылғы өз тәжірибемде шынықтырылған баланың тұмау немесе салқын тиіп ауырғанын көрген емеспін, - дейді жаттықтырушы.

Балабақша меңгерушісі Тасмиля Бикмухамбетова да бала кезінде өздерінің балабақшасында тәрбиеленген азаматтардың қазір онда өз балаларын апарып жүргенін айтты.

Әрі бірден суық су арқылы шынықтыруға өтініш береді. Яғни, біздің бұл шарамыз ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып жатыр. Ал денсаулыққа пайдасы өте зор. Бастысы, иммунитетті нығайтады, - дейді ол.

Мамандар денсаулықты шынықтырудың әдіс-тәсілін одан әрі жетілдіруді ойлап жүр. «Хабар 24» телеарнасының хабарлауынша, әзірге ондағы 400-ге жуық баланың 70-і ғана суық сумен жүйелі түрде жуынады екен.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама