×

Былтыр қазақстандықтарға 2,9 трлн теңгеден аса зейнетақы төленген

Елмізде зейнеткерлер саны – 2 млн 295 мың адам

 Динара Амантай 23.01.2023 | 09:51
Фото: gov.kz

2022 жылы қазақстандықтарға республикалық бюджеттен 2,9 трлн теңгеден аса зейнетақы төленді. Оның ішінде базалық зейнетақыға – 883,7 млрд теңге, ынтымақты зейнетақыға 2 022,6 млрд теңге жұмсалды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, өткен жылғы желтоқсанда республикалық бюджеттен зейнетақы төлемдеріне 247,4 млрд теңге, оның ішінде базалық зейнетақыны төлеуге – 75,4 млрд теңге, ынтымақты зейнетақыны төлеуге 172 млрд теңге бөлінді.

Қазір елімізде 2 млн 295 мың зейнеткер бар. Сондай-ақ жиынтық зейнетақының орташа мөлшері 108 761 теңгені құрады. Оның ішінде ынтымақты зейнетақы мөлшері – 74 950 теңге, базалық зейнетақы – 33 811 теңге.

Ведомство өкілдерінің хабарлауынша, «2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заңға сәйкес, жасына және еңбек сіңірген жылдарына байланысты зейнетақы төлемдерінің мөлшері 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап алынатын мөлшерден 10,5% артқан.

Сонымен бірге, мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру шеңберінде ынтымақты зейнетақыны есептеу үшін ең жоғары табыс мөлшері 46-дан 55 АЕК-ке дейін ұлғайтылды.

Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің ұлғаюына байланысты, сондай-ақ ең төменгі мөлшердің ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54%-дан 60%-ға дейін ұлғаюына байланысты арттырылды.

Осылайша, 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап базалық зейнетақы төлемін ескере отырып, зейнетақылардың ең төменгі мөлшері 68 223 теңгеден (2022 жылы) 77 417 теңгеге дейін артты.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама