×

Шымкенттік жігіт такси жүргізушілердің атынан микронесие рәсімдеп алған

Оның ұялы телефонынан Шымкент, Қызылорда, Жамбыл облыстарының 6 азаматының төлқұжат суреттері алынды

 Еркеғали Болатұлы 20.01.2023 | 17:17
фото: ашық дереккөз

Түркістан облысының полицейлері алаяқтық жасады деген күдікпен Шымкент тұрғынын ұстады, деп хабарлады Otyrar.kz.

Түркістан қалалық полиция басқармасына жәбірленушілердің бірі арызданған. Айтуынша, белгісіз біреу оның атынан микронесие беру ұйымнан 160 мың теңге алған.

Осыған ұқсас арызбен полицияға тағы 4 тұрғын шағымданды. Жедел уәкілдер жүргізген жедел іздестіру іс-шараларының нәтижесінде бұрын сотталған, жұмыссыз жүрген жас жігіт – Шымкент қаласының тұрғыны ұсталды.

Күдіктінің интернет-алаяқтықты табыс көзіне айналдырып, мобильді қосымшадан такси жүргізушілерін іздеп тапқаны анықталды. Оларға телефон арқылы өзін «компания қызметкерімін» деп таныстырып, содан көлік салонын жалдайтын болып келіскен. Ал төлемақыны компания есепшісі аударады деген сылтаумен жүргізушілердің жеке бас мәліметін сұрап алған.

Сол сәтте бірден олардың атынан микронесие рәсімдеп отырған. Одан әрі жүргізушілердің есепшотына түскен ақшаны «Сізге есепші шатасып көбірек ақша салып жіберіпті, жолақыңызды ғана алып, қалғанын салып жіберсеңіз» деп, сол мезетте көшеде кетіп бара жатқан кез келген бейтаныс азаматтардың шоттарына ақша аудартқан. Одан әрі ақшаны қолма-қол иемденіп отырған.

Осылайша, күдікті жас жігіт жүргізушілерге 750 мың теңге шығын келтірген. Оны тінту кезінде ұялы телефонынан Шымкент, Қызылорда, Жамбыл облыстарының 6 азаматының жеке басын растайтын құжатының фотосуреттері алынды.

Қазір Қылмыстық кодекстің 190-бабы («Алаяқтық») бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Полицейлер алаяқтың құрбандары әлі де көбеюі мүмкін екенін атап өтті.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама