×

McDonald's-тың Қазақстан нарығынан кетуі елдегі ет сапасына байланысты ма

McDonald's компаниясы Қазақстанда 2016 жылдан бастап жұмыс істеді

 Дәурен Ерболат 17.01.2023 | 13:05
фото: ашық дереккөзден

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров АҚШ-тың McDonald's компаниясының Қазақстан нарығынан кетуіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Үкімет отырысынан шыққан министрге БАҚ өкілі сұрақ қойды.

«McDonald's-тің елімізден кетуі біздегі ет өнімдерін ұсынатын фермалардың деңгейі төмен дегенді білдіре ме?», - деп сұрады журналист.

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров бұл пікірмен келіспейтінін атап өтті.

«Мен сізге олардың деңгейі төмен деп айтпаймын. Мұндағы мәселе қазақтардың етті ежелден өңдемей жегенімен байланысты, яғни олар фаст-фуд тұтынбаған. Қазір әлемде бар стандарттар ол кезде болған жоқ. Нақтырай айтсақ, еттің құрамы, майлылығы бойынша қазіргідей талап болмаған. Қазір жекелеген стандарттар көп. Әрбір компанияның өз стандарты бар. Оларға арнайы сапа стандартын әзірлеу керек. Сондықтан бұл мәселе Қазақстандағы ет сапасына емес, нақты McDonald's талаптарына маманданбағаннан деп ойлаймын», - деді ведомство басшысы.

Еске сала кетейік, 5 қаңтарда McDonald’s жеткізілім шектеулеріне байланысты Қазақстан нарығынан кететінін мәлімдеді. Белгілі болғандай, компанияны жартылай фабрикат өніммен қамтамасыз ететін кәсіпорындар Ресейде орналасқан. Ресейдің Украинаға басқыншылығынан кейін 32 жыл бойы жұмыс істеген бренд көрші елден кететінін мәлімдеген еді. 

Ал елімізде бұл бренд 2016 жылдан бастап жұмыс істеді. Компанияның дерегінше, жабылғанға дейін 3 млрд теңгеден астам салық төледі. Сондай-ақ Алматы, Астана, Атырау, Ақтөбе, Қостанай, Қарағанды және 2000-ға жуық адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отырды. 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама