Олар шекарада құрықталды
Ұлттық қауіпсіздік комитеті қолма-қол ақша қаражатын әкетуге жол бермеу туралы ақпарат жариялады.
Президенттің «Қазақстанның қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы» жарлығын орындау шеңберінде биылғы 15 наурызда шекарашылар Алматы қаласының халықаралық әуежайында елден 400 мың доллардан астам ақша әкету әрекетінің жолын кесті. Олардың бір бөлігі қос түбі бар сөмкеде тексеруден жасырылды, – дейді ҰҚК.
2022 жылғы 25 қаңтардан бастап қазірге дейін Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметі 900 миллион теңгеден астам сомаға декларацияланбаған қолма-қол ақшаны елден әкетудің алдын алды.
«ҰҚК шекара қызметі шетелге шығу кезінде құқық бұзушылықты болдырмау үшін Қазақстан қаржы заңнамасының талаптарын сақтау қажеттігін еске салады», – делінген мәліметте.
Бұған дейін президент жарлығымен елден кететін тұлғаларға шетелдік валютаны, алтын құймалар әрі монеталарды алып шығуға шектеу қойылған болатын. Шетел валютасы мен алтынды Қазақстаннан шығарғандарды қандай жаза күтіп тұрғаны да белгілі болды.