×

Шетел валютасы мен алтынды Қазақстаннан шығарғандарды қандай жаза күтіп тұр

Тоқаев шетел валютасы және алтынды елден шығаруға тыйым салған еді

 Қымбат Елтайқызы 15.03.2022 | 18:20
фото: ашық дереккөзден

Мемлекеттік кірістер комитеті валютаны алып кетуге шектеуді бұзғандағы жауапкершілік туралы айтты. Комитет шетелдік валютаны әрі алтын құймаларды сыртқа алып кетуге қойылған шектеуге байланысты Қазақстан аумағынан шығатын азаматтарға түсініктеме берді.

Мемлекеттік шекарадан өту кезінде кідірістерге жол бермеу үшін өзімен бірге (багажда) бар қолма-қол ақшаны алдын ала есептеп шығуға кеңес береміз. Қолма-қол ақша мен шетелдік валютадағы ақша құралдары сомасының баламасы Ұлттық банк бағамы бойынша 10 000 (он мың) доллардан аспауы қажет, – деді комитет.

Ведомство мәліметінше, Ұлттық банк шығаратын аффинирленген алтынның 5, 10, 20, 50, 100 грамм алтын құймалары, ALTYN BARYS алтынынан, KÚMIS BARYS күмісінен жасалған инвестициялық монеталарды, 100 грамнан асатын аффинирленген алтынды өзімен бірге (багажда) алып кетуге болмайды.

«Тыйым салудың бұзылуы анықталған жағдайда, тұлғалар заңға сәйкес әкімшілік немесе қылмыстық жауапқа тартылатыны туралы ескертеміз. Әкімшілік жауапқа тартылған жағдайда 15 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде (45,9 мың теңге) айыппұл салынады. Сот шешімі бойынша аталған ақша және тауарлар мемлекет кірісіне тәркіленуі мүмкін», – делінген ақпаратта.

Бұған дейін президенттің «Еліміздің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы» 2022 жылғы 14 наурыздағы №830 жарлығымен Қазақстаннан кететін тұлғаларға шетелдік валютаны, алтын құймалар әрі монеталарды алып шығуға шектеу қойылған болатын.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама