×

Қызылжар тұрғындары қант алу үшін таңғы сағат 5-тен бастап кезегін күтеді

Жауаптылар қорда 500 тонна қант барын айтады

 Самат Жақып 16.03.2022 | 16:25
фото: Halyq Uni

Петропавл жұрты қаладағы дүкен сөрелерінен қант таппай жүр. Облыс орталығындағы шағын сауда орындарында қант атаулы жоқтың қасы. Қала тұрғындарының айтуынша, қант мәселесінің туындағанына 3-4 күн болған.

«Сатылымда қант жоқ.Тұрғындар күнде келіп сұрайды. Тасымалдаушы фирмаға хабарласып, мән-жайды біліп отырамын. Ондағылар қоймада бұл өнімнің таусылғанын айтады. Осыдан екі апта бұрын қанттың келісін 365 теңгеден сатып алған едік. Қазір естіп жатырмыз, кей сауда орындарында ол 600 теңгеге дейін қымбаттап кеткен», - дейді «Черемушки» дүкеннің әкімшісі Татьяна Турпак. 

Ірі сауда орындарындағы қант сөрелері де бос тұр. Бүгінде құмшекер әлеуметтік дүкендерде ғана сатылып жатыр. Алайда бұл дүкендердің алды ұзын-сонар кезекке ұласқан. Тіпті, тұрғындардың кейбірі қант сатып алу үшін таңғы сағат 5-тен бастап дүкен алдын торуылдайды екен.

«Ірі супермаркеттерде қант аздап сатылымға шығарыла бастады. Бірақ оны халық жаппай талап әкетіп жатыр. Бірнеше сауда орнына барып, таппадық. Әлеуметтік дүкендерде бар екендігін естіп, осында келдік. Таңнан бері ұзын-сонар кезек. Аязда бүрсең қағып кезегімізді күтіп тұрмыз. Басқа амалымыз жоқ», - дейді Петропавл қаласының тұрғыны Антонина Соловьева.

АДАМ БАСЫНА ТЕК БІР КЕЛІ ҚАНТ САТЫЛАДЫ»

Әлеуметтік дүкендердің әрқасында күніне 4-5 қап қант сатылады. Қазір Петропавл бойынша осындай жеті нүкте бар. Онда адам басына тек бір келіден артық сатылмайды. Мұндай талапты сауда нүктесінің басшылығы қойған.

«Мен ештеңе айта алмаймын. Дүкен басшылығы маған кісі басына бір келіден ғана сатуды тапсырды. Тұрғындар оны түсінбейді. Қазір келіп жатқан халықтың санында шек жоқ. Қызмет көрсетіп үлгермей жатырмыз. Кейде тамақтанып алуға да уақыт таппаймыз», - дейді сатушы Фируза Бухарова.

ӨҢІРГЕ ТАҒЫ ЕКІ ВАГОН ҚАНТ ЖЕТКІЗІЛЕДІ

«Солтүстік» ӘКК ҰҚ» басқарма төрағасының орынбасары Гамали Жұмашов тұрақтандыру қорында 500 тонна құмшекер барын айтты. Айтуынша, алдағы уақытта облысқа тағы екі вагон қант жеткізіледі екен. Қазір қоймадағы құмшекер орта есеппен жарты жылға жетеді.

«Адам басына бір келі деген шектеуді дүкен иелері өздері қойып отыр деп оймаймын. Себебі алыпсатарлар көбейіп кетсе, баға бірден аспандап кетуі мүмкін. Және бұл дұрыс шешім. Жасыратыны жоқ, қазір кәсіпкерлерден түсіп жатқан өтініш екі есеге көбейді. Біз сауда орындарына қантты жеткізіп үлгере алмай жатырмыз. Бірақ бізде өнім тапшылығы жоқ. Қоймамыз толы. Қант Тараздан жеткізілген. Таусылды деп алаңдауға еш негіз жоқ. Таяу күндері тағы 136 тонна қант әкелінеді», - дейді Гамали Жұмашов.

Осыған дейін күніне тұрақтандыру қорынынан шамамен 7 тонна қант қаладағы сауда орындарына жеткізіліп отырды. Соңғы кездері ол мқлшер үш есеге артқан. Бірақ жауаптылар бұл межеден асырмайтынын жеткізді. Себебі халық жаппай сатып алса, қордағы шекер жарты айға да жетпей қалуы мүмкін.

Қазір әлеуметтік дүкендердегі қанттың бір келісі 312 теңгеден сатылып жатыр, ал кейбір сауда орындарында қанттың келісі 600 теңгеге дейін қымбаттап кеткен.  

Серіктес жаңалықтары

Сараптама