×

Үкімет шетелдік көліктерді заңдастыру қағидаларын бекітті

Қаулы Қазақстанға 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін әкелінген көліктерге қатысты

 Халық үні 12.01.2023 | 11:54
көрнекі фото: Halyq Uni

Үкімет «Қазақстан аумағына 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін әкелінген көлік құралдарының жекелеген санаттарын бастапқы тіркегені үшін алым мөлшерлемесін қолдану қағидаларын, шарттары мен мерзімдерін бекіту және осындай көлік құралдарын әкелуді жүзеге асырған жеке тұлғаларды өндірушілердің (импорттаушылардың), сондай-ақ көлік құралдары санаттарының кеңейтілген міндеттемелерінен босату туралы» қаулы шығарды. Бұл туралы Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха мәлімдеді.

Қаулы Қазақстанға 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін әкелінген және ҚР заңнамасына сәйкес тіркелмеген шетелдік автомобильдерді заңдастыру туралы тапсырмасын іске асыру мақсатында әзірленді.

Қаулы негізінде 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін ел аумағына әкелінген көлік құралдарының жекелеген санаттарын бастапқы тіркегені үшін алым мөлшерлемесін қолданудың және осындай көлік құралдарын әкелуді жүзеге асырған жеке тұлғаларды утиль алым төлеуден босатудың тәртібі, шарттары мен мерзімдері айқындалады.

Егер көлік құралдары:

  • Қазақстан аумағына 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін әкелінген болса;
  • іздеуде жоқ болса;
  • басқа мемлекеттің құзыретті органында бұрынғы тіркелген жері бойынша мемлекеттік есептен шығарылған болса;
  • кедендік тазартудан өткен болса, яғни осындай талаптарға сәйкес келсе, қаулыға сай көлік құралдарына бастапқы мемлекеттік тіркеу үшін 200 000 теңге мөлшерінде алым мөлшерлемесі қолданылады.

Шетелдік автомобильдерді бастапқы тіркеудің көрсетілген тәртібі 2023 жылғы 1 шілдеге дейін қолданыста болады және М1, M1G, M2, M2G, N1, N1G санаттарындағы көлік құралдарына, оның ішінде бастапқы мемлекеттік тіркеу басқару тетігі оң жақта орналасқан Қазақстан азаматтарының көлік құралдарына қолданылады. Бұл ретте көлік құралдарын санаттар бойынша жіктеу Кеден одағының «Доңғалақты көлік құралдарының қауіпсіздігі туралы» техникалық регламентіндегі (КО ТР 018/2011) 1-қосымшаға сәйкес жүзеге асырылады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама