×

Гүлмира Сатыбалды ісі бойынша сот процесі басталды

Келген шығын сомасы 6 миллиард теңгеден асады

 Айгерім Таубай 12.01.2023 | 10:14
Фото: Максим Богодвид

Алматыда 11 қаңтарда Гүлмира Сатыбалды ісі бойынша сот процесі басталды, деп хабарлайды Halyq Uni. Ақпаратты Алматы сотының баспасөз қызметі растады.

Тергеу мәліметіне сәйкес, Сатыбалды сусын өндірумен айналысатын ірі компания акцияларын тартып алуға тырысқан. Сондай-ақ оған адам ұрлады және заң тәртібін бұзды деген айып тағылған.

Бұған дейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Гүлмира Сатыбалды, оның бақылауындағы «Ария-Жаңа Астана» ЖШС-нің басшылығы және мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғалары объектілерді салуға бөлінген бюджет қаражатын ұрлады деген күдікке ілініп отырғанын хабарлады. Тергеу сатысында мемлекетке келтірілген залал толығымен өтелді.

Сотта Сатыбалдының адвокаты сотталушыны үйқамаққа жіберуді сұрады және сот процесін Астанада жалғастыру туралы өтініш білдірді. Сот адвокаттың өтінішін ішінара қанағаттандырды. Сатыбалдының үйқамаққа жіберілмейтіні, алайда сот процесі енді Астана қаласында жалғасатыны айтылды.

Алматы қаласы Алмалы ауданы сотына түскен Сатыбалды және басқа да сотталушыларға қатысты қылмыстық іс Астана қаласы Байқоңыр ауданының №2 аудандық сотына жолданды, - делінген Алматы соты таратқан ақпаратта.

Алайда Астана сотының баспасөз қызметі Гүлмира Сатыбалдыға қатысты істің сотқа түспегенін мәлімдеді.

Айта кетейік, Гүлмира Сатыбалды – Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдының бұрынғы әйелі. Бұған дейін сот үкімімен Қайрат Сатыбалды 6 жылға бас бостандығынан айырылды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама