×

Александр Герлицке «Еңбек сіңірген спорт шебері» атағы берілді

Биылғы қысқы паралимпиада жүлдегері марапатталды

 Қымбат Елтайқызы 16.03.2022 | 10:00
фото: Мәдениет және спорт министрлігі

2022 жылғы қысқы паралимпиада жүлдегері Александр Герлицке «Қазақстанның Еңбек сіңірген спорт шебері» атағы берілді. Спортшыға төсбелгіні премьер-министр орынбасары Ералы Тоғжанов табыстады. Салтанатты іс-шараға мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев, «Қазақстанның ұлттық паралимпиада комитеті» ҚБ бас хатшысы Ерлан Сүлейменов, паралимпиада құрамасының бас бапкері Василий Коломиец қатысты.

Қазақстанның барлық паралимпиада құрамасына осындай жетістік үшін алғыс айтқым келеді. Сіздер керемет нәтиже көрсеттіңіздер. Қайсарлық пен табандылықтарыңыздың арқасында еліміз осы ойындарда лайықты өнер көрсетті. Бұл нәтиже соңында спортшылардың өздеріне әрі олардың жаттықтырушыларына ғана белгілі орасан зор еңбек жатыр, - деді Тоғжанов.

Премьер-министрдің орынбасары бұқаралық спортты дамыту және инклюзивті ортаны құру мәселелеріне ерекше назар аударды. Оның айтуынша, бұл мәселелер мемлекет басшысының жеке бақылауында. Ералы Тоғжанов мемлекет тарапынан спортты дәріптеу үшін барлық қажетті жағдай жасау жалғасатынын жеткізді.

«Александр өзіне жүктелген жоғары сенімді ақтады. Сіздің жетістіктеріңіз – мықты рухани жігердің жарқын үлгісі. Бізді алдағы жарыстарға дайындық бойынша үлкен жұмыс күтіп тұрғанын атап өткім келеді. Біз осы паралимпиадада жоғары нәтиже көрсеткен ҚХР мен Украина тәжірибесін мұқият зерделейміз», - деді Дәурен Абаев.

Сондай-ақ салалық мекеме басшысы спортшылар жетістіктеріне паралимпиада комитетінің қосқан үлесі туралы да баяндап берді.

Өз кезегінде Александр Герлиц қазақстандықтарға қолдау көрсеткені үшін алғыс айтып, құраманың барлық жаттықтырушы штабының үйлесімді әрі кәсіби жұмысын атап өтті, – делінген ақпаратта.

XIII қысқы паралимпиада 2022 жылғы 4-13 наурыз аралығында Бейжіңде өтті. Оған әлемнің 50 елінен 700-ден астам спортшы қатысты. Қазақстан құрамасы бір қола медальмен 17-орынға табан тіреді. Ұлттық паралимпиада құрамасына 5 спортшы кірді: Ербол Хамитов, Александр Герлиц, Сергей Усольцев, Юрий Березин, Денис Петренко.

Атап өтсек, биылғы Бейжің олимпиадасында Қазақстан медальсіз қалған болатын. Осыған орай президент 2024 жылғы Париж олимпиадасына спортшылар дайындығын күшейтуді тапсырды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама