×

Президент 2024 жылғы Париж Олимпиадасына спортшылар дайындығын күшейтуді тапсырды

Ол жалпы ұлттық спорт резервінің ірі халықаралық жарыстарға дайындығын күшейту керек дейді

 Халық үні 15.03.2022 | 17:05
фото: ашық дереккөзден

Қасым-Жомарт Тоқаев Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаевты қабылдады. Кездесу барысында мемлекет басшысына мәдениет, спорт, туризм архив әрі баспа ісі салаларының қазіргі жағдайы жөнінде мәлімет берілді. 

Тоқаевқа министрлікке қарасты ұйымдарға жұмыс сапары туралы баяндалды. Сапар қорытындысы бойынша күн тәртібінде тұрған мәселелерді шешу шаралары әзірленген. 

Дәурен Абаев президенттің спорт секциялары мен шығармашылық үйірмелерді жан басына қарай қаржыландыру, бұқаралық спортты қарқынды дамыту жөнінде берген тапсырмаларын орындау ведомство жұмысындағы негізгі бағыттың бірі екенін атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, биыл министрлік жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, Қазақстан мемлекеттік рәміздерінің 30 жылдығын тиісті деңгейде атап өтуі қажет.

Мемлекет басшысы ұлттық спорт резервінің ірі халықаралық жарыстарға, соның ішінде 2024 жылы Парижде өтетін Олимпиада ойындарына дайындығын күшейтуді тапсырды, – дейді Ақорда.

Сонымен қатар Тоқаев жастар үшін ұлттық мәдениеттің бәсекеге қабілеттілігі мен тартымдылығын арттыру қажет екенін айтты.

Президент карантиндік шектеулердің елімізде және шет мемлекеттерде жеңілдетілуіне байланысты туризм саласын дамытудың тың жолдарын әзірлеу маңызды деп есептейді. 

Атап өтсек, биылғы Бейжің Олимпиадасында Қазақстан медальсіз қалған болатын.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама