Halyq Uni логотип
×

Біртанов ісі: апелляциялық сот тағы да кейінге шегерілді

Апелляциялық сот отырысы 10 қаңтарда өтеді

 Айгерім Таубай 06.01.2023 | 16:46
Біртанов ісі: апелляциялық сот тағы да кейінге шегерілді
Halyq Uni

Бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың ісі бойынша апелляциялық соттың келесі отырысы 10 қаңтарда өтеді, деп хабарлайды Halyq Uni.

Біртановтың денсаулығына байланысты кезекті сот отырысы екінші рет кейінге қалдырылды. Бұған дейін экс-министрдің сырқаты асқынғаны белгілі болды.

Адвокат Нұрлан Бейсекеев Біртановтың «тағдыры» шешілетін тұста, сот оны тыңдауға міндетті екенін айтты.

Бұған жәбірленуші тараптың өкілі де, мемлекеттік айыптаушы да қарсылық білдірмеді.

Апелляциялық сот отырысы 10 қаңтар сағат 10:00-де өтеді.

2022 жылдың 28 қазанында Елжан Біртанов пен Олжас Әбішевке сот үкімі шықты.

Сот шешімімен Елжан Біртанов 5 жылға, Олжас Әбішев 4 жылға бас бостандығынан шектеу жазасына кесілді.

«Сот Елжан Біртановты қылмыстық кодекстің 361-бабы 3-бөлігі бойынша санитарлық авиация ұшағын қолданғаны үшін кінәсіз деп таныды. Елжан Біртанов пен Олжас Әбішевті қылмыстық кодекстің 361-бабы 4-бөлігі 3-тармағы бойынша кінәлі деп танып, Біртановты 5 жылға бас бостандығын шектеуге, Олжас Әбішевке 4 жылға бас бостандығын шектеу туралы үкім шығарды», - делінген сот үкімінде.

Денсаулық сақтау министрлігі бұрынғы министрге қарсы «пациенттер, дәрі-дәрмектер және медициналық бұйымдар туралы барлық деректі біріктіруге тиіс болған жұмыс істемейтін ақпараттық платформаны қабылдап, пайдалануға берген» деп айыптап, 1,5 млрд теңге шығын келтірді деп сотқа талап-арыз берген. Сот оны ішінара қанағаттандырып, 1,3 млрд теңгені мемлекетке қайтаруды міндеттеді. Бұл қаражат 3 ай ішінде қайтарылуы тиіс. Ал Елжан Біртанов бұл қаражатты өзіне меншіктемегенін, Денсаулық сақтау министрлігі халықаралық компаниямен соттасуы қажет екенін айтты.

9 қарашада Елжан Біртановтың адвокаттары сотқа апелляциялық шағым түсірді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама