Halyq Uni логотип
×

Бас прокурор «Дикий Арман» жайлы айтты

Прокуратура мәліметінше, қамаудағылардың көбі - жоғары білімі жоқ жұмыссыздар

 Ербол Тұрымбет 14.03.2022 | 11:40
Бас прокурор «Дикий Арман» жайлы айтты
фото: ашық дереккөзден

Бас прокурор Берік Асыловтың сөзінше, Қаңтар оқиғасына қатысты барлығы 3 770 қылмыстық іс қозғалған. Оның басым бөлігі Ішкі істер министрлігі өндірісінде. Олар – адам өлтіру, ұрлық, қарақшылық, бұзақылық, қару ұрлау, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Оның сөзінше, Президент тапсырмасына сәйкес Бас прокуратураның арнайы прокурорларының жетекшілігімен ведомствоаралық жедел тергеу топтары құрылған. Бүгінге дейін прокуратура органдары 35 мыңнан астам жедел тергеу шарасын жүргізген. Бүкіл орган бойынша 766 күдікті қамалған. Олардың көпшілігі – 30 жас шамасындағы жоғары білімі жоқ жұмыссыздар. 

Ішінде деструктивті діни ағымдардың 19 мүшесі, тыйым салынған экстремистік ұйымдардың 27 мүшесі, ұйымдасқан қылмыстық топтардың 24 мүшесі мен адам өлтіру, ұрлық, тонау мен бұзақылық бойынша бұрын сотталған 113 адам бар. Мысал үшін, ұсталғандар арасында «Дикий Арман» есімімен танымал Жұмағелдиев пен оның тобының 14 мүшесі бар. Жалпы 22 мыңнан астам адамның қылмыстарға қатысы тексерілді, – дейді Асылов.

Маманның сөзінше, ведомствоаралық жедел тергеу топтары 4 бағыт бойынша жұмыс істеп жатыр. Жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастыру мен қатысу бойынша 44, лаңкестік актілері бойынша 46, күштік құрылымдардың жекелеген басшыларының әрекетіне құқықтық баға беру бойынша 7 қылмыстық іс тергелуде. Ол істердің негізгі бөлігі аяқталған.

Бұған дейін Бас прокурор қамаудағыларды азаптау бойынша тың мәлімет берді.

Осыған дейін мәжілісмен Жанарбек Әшімжан «Қаңтар оқиғасына» құқықтық баға берілу керек» деген болатын. Сондықтан Бас прокуратура мен Ішкі істер министрін сұрақтарға жауап беру үшін Мәжіліске шақыртқан еді.

«Дикий Арманның» қалай ұсталғаны жөнінде арнайы операция видеосы жарияланды. «Дикий Арман» бастаған топ 24 бейбіт тұрғынды күштеп ұстады. «Дикий Арманды» босатуды сұраған Бақтияр Артаев қызметінен кетті.

2 қаңтарда Жаңаөзенде басталған наразылық акциясы басқа қалаларда да жалғасты. 4 қаңтарда Алматы қаласында басталған митингтің ертеңі дүрбелеңге, қанды оқиғаға ұласты. Осы жағдайға байланысты барлық аймақта төтенше жағдай режимі енгізіліп, Президент Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына мүше мемлекет басшыларынан террорлық сын-қатерді еңсеруде көмек сұрады. Тоқаев «Алматыға 20 мың террорист шабуылдады» деген пікір айтты. Жаппай тәртіпсіздік салдарынан бейбіт тұрғындар, күш құрылымдары қызметкерлері қаза тауып, жарақаттанды. Ғимараттар, көліктер қиратылып, бизнес зардап шекті. Қазір бірқатар шенеунік ұсталып, билікте ауыс-түйіс жүріп жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама