×

«Дикий Арман» бастаған топ 24 бейбіт тұрғынды күштеп ұстаған – прокуратура

Салдарынан бір адам қаза тапқан

 Ербол Тұрымбет 07.02.2022 | 19:16
Арман Жұмагелдиев, фото: ашық дереккөзден

Бас прокуратураның арнайы прокурорлар қызметінің бастығы Ризабек Ожаров ел арасында «Дикий Арман» атанып кеткен Арман Жұмагелдиевке қатысты тың мәліметтерді айтты.

Оның айтуынша, «Дикий Арман» тобы 24 бейбіт тұрғынды ұрлап, күштеп ұстаған.

«Қазіргі таңда 18 ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшесі, адам өлтіру, ұрлық, тонау және қарақшылық жасағаны үшін бұрын сотты болған 21 тұлға ұсталды. Олардың қатарында «Дикий Арман» ретінде танымал - Жұмагелдиев және оның топ мүшелері де бар. Бұл тұлға туралы жеке тоқталып өтейін. Оның қаруланған адамдары кездейсоқ өтіп бара жатқан 24 бейбіт тұрғынды ұрлап, күштеп ұстаған. Оларды бір жерден екінші жерге апарып, ұрып-соққан, нәтижесінде бір адам қаза болған. Бұдан басқа, қарақшылар 12-ші қалалық ауруханада полиция қызметкерін қатты соққыға жығып, қызметтік қаруын тартып алған», - деді Ризабек Ожаров.

Басында полиция Арман Жұмагелдиевті атыс қаруын заңсыз сақтағаны үшін ұстаса, қазір оған қатысты жаппай тәртіпсіздіктер бойынша іс тергеліп жатыр екен. Қазір арнайы прокурорлар екі қылмыстық істі біріктіріп, тергеуді өз мойнына алған. Сондай-ақ Арман Жұмагелдиев ҰҚК тергеу изоляторына ауыстырылған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама