×

Қазақстанда коронавирус инфекциясынан бір адам қайтыс болды

Екі адам жасанды тыныс алу аппаратына қосылған

 Халық үні 29.12.2022 | 09:45
Фото: rus.lsm.lv

Қазақстанда бір тәулікте 263 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды. Сондай-ақ бір адам инфекциядан қайтыс болды, деп хабарлады денсаулық сақтау министрлігі.

29 желтоқсандағы мәлімет бойынша, 2 729 адам коронавирус инфекциясынан емделіп жатыр. Оның ішінде 256 пациент стационарда, 2473 науқас амбулаториялық деңгейде ем қабылдап жатыр.

Коронавирус жұқтырғандар арасында 7 адамның жағдайы ауыр, 6 пациенттің жағдайын дәрігерлер өте ауыр деп бағалаған.

Екі адам жасанды тыныс алу аппаратына қосылған.

Денсаулық сақтау вице-министрі Айжан Есмағамбетованың айтуынша, желтоқсанда қарашамен салыстырғанда сыртқаттану деңгейінің 2,3 есе өскені байқалады. Бұл ретте инфекция жұқтыру 2 169 жағдайдан 5 127 жағдайға дейін жетті

12 тамыздан бастап елдегі барлық өңір «жасыл» аймақта тұр.

Өңір «сары» аймаққа көшкен кезде адамдардың топтасып жиналмауына бағытталған шаралар қабылданады. Оның ішінде науқаспен жақын байланыста болғандарды, коронавирусқа қарсы вакцина салуға болмайтын адамдарды қашықтан жұмыс істеуге ауыстыру бар. Білім беру орындарында іс-шаралар өткізу тоқтатылады.

«Қызыл» аймақта болса, жиналыстарды онлайн форматқа ауыстыру, қоғамдық көлік пен жабық нысандарда медициналық маска тағуды міндеттеу, жабық мекемеге баруға шектеу енгізу, Ashyq қосымшасын пайдалану сияқты шаралар қабылданады. Сондай-ақ қызметкерлердің 30 пайызын қашықтан жұмыс істеуге ауыстыру да қарастырылады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама