×

Тоқаев шахматшы Динара Сәдуақасованы құттықтады

Динара Сәдуақасова шахматтан әлем чемпионатында рапид бойынша күміс медаль алды

 Халық үні 29.12.2022 | 09:15
Фото: kazchess.kz

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыда өтіп жатқан шахматтан әлем чемпионатында рапид бойынша күміс медаль иеленген Динара Сәдуақасованы құттықтады, деп хабарлады Ақорда.

Мемлекет басшысы Қазақстан шахматшыларының әлем чемпионатындағы жетістіктері еліміз үшін үлкен мақтаныш екенін атап өтті. Оның айтуынша, спортшыларымыздың халықаралық турнирлердегі әрбір жеңісі осы спорт түрімен айналысатын жастарды қанаттандырады және бұл Қазақстан шахмат мектебінің деңгейі жоғары екенін көрсетеді.

Президент дарынды шахматшыға талмай еңбек етіп, жеңістен жеңіске жете беруіне тілектестік білдірді, - делінген ақпаратта.

Сонымен қатар мемлекет басшысы Алматыда өтіп жатқан осы әлемдік сайыста жоғары нәтиже көрсеткен Жансая Әбдімәлікке де ізгі тілегін жолдады.

Айта кетейік, жылдам шахмат бойынша Жансая Әбдімәлік 5-орынға, Алуа Нұрманова – 23, Әмина Қайырбекова – 26, Бибісара Асаубаева 29-орынды місе тұтты. Сондай-ақ Зейнеп Сұлтанбек 31-орынға, Зарина Нұрғаиева 35-орынға тұрақтады.

Әлем чемпионатына қатысушы шахматшылар 29-30 желтоқсанда блицтен сайысқа түседі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама