×

Ауыл атқамінерлері қандас кәсіпкердің кірпіш зауытын бұзып тастамақ

Кәсіпкер әйел зауытқа осы уақытқа дейін миллиардтан аса теңгесін жұмсаған

 Еркеғали Болатұлы 27.12.2022 | 10:15
фото: ашық дереккөз

Алматы облысында кірпіш шығарып, тіршілігін дөңгелетіп отырған кәсіпкер зауытының бұзылуына қарсы шықты. Айтуынша, өндіріс ошағына көз тіккендер оған тұрғындарды қарсы қойып, шулатқан. Жұрттың айқайынан кейін сот Қайназар ауылындағы зауытты бұзу туралы шешім шығарыпты. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлады.

Мәрзия Рамазан – Қытайдан көшіп келген қандас. Ол осыдан 4 жыл бұрын Қайназар ауылындағы зауытты сатып алып, сол уақыттан бері кірпіш шығарумен айналысып келген. Осы уақытқа дейін миллиардтан аса теңгесін жұмсапты. «Құжаттарымыз түгел, заңға қайшы келмесек те, екі жылдан бері басымыз даудан арылмады» деп отыр ол. Айтуынша, биыл әкімдіктегілер сотқа беріп, осы айда сот бұл зауытты бұзсын деген шешім де шығарыпты.

Мысалы, ауылға біз көмектесіп жатырмыз. Мешіт саламыз деді, үй өртеніп жатыр деді, бәріне кірпіш береміз. Жетім-жесірлерге де көмектесіп жатырмыз. Ішінде 6-7 адам бар. Кешке дейін келеді, есігімізді қағады. Өздері келіп, видео түсіреді. Ойына келгенін айтады. Өтірік ақпарат береді. Басқа зауыттарға ешқандай шағым түскен жоқ. Әкімдік, Үкімет бізбен ғана айналысып жатыр. Сот та бізге ғана жүріп жатыр. Басқа зауыттар жүріп тұр. Біздің жұмысымыз тоқтап қалды, - дейді кәсіпкер.

Жалпы, Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Рахат ауылдық округінде кірпіш шығаратын 3 зауыт және бір карьер бар. Өткен жылы жергілікті жұрт осы кәсіпорындардың кесірінен шаң мен түтіннен көз ашпайтын болдық деп наразылық білдірген. Тұрғындар 4 кәсіпорынның жабылуын талап етсе де, әкімдіктегілердің өзге өндіріс ошақтарын елемей, тек біреуіне ғана шара қолданғанына кәсіпкер аң-таң.

Зауыт бұрын кірпішті көміртегіні ауаға шығаратын ескі тәсілмен күйдіретін. Жаңғырту жүргізілгеннен кейін ешқандай зиянды зат қоршаған ортаға тарамайды. Бірақ не үшін екені белгісіз, атқамінерлер зауытты бұзып тастамақ. Бұған олар құрылысқа рұқсат құжаттары жоқ деген бір ғана себеп келтіріп отыр. Алайда ешқандай құрылыс сараптамасы жүргізілмеді. Яғни дәлелдері жоқ деген сөз, - дейді заңгер Тамара Окунева.

Ал ауылдағы атқамінерлер басқа пікірде. Зауыт санитарлық нормаларға сай келмейді әрі құрылыс заңсыз жүргізілген деп, тек сот шешіміне сүйене сөйлеген.

Бұл ауыл шаруашылығы жері болған соң, кейін жер қойнауын пайдаланушы келісімшартпен жұмыс істейтін болған соң, облыс тарапынан рұқсат алатын. Енді қазір толық сот жүріп, соның шешімі шықты. Санитарлық нормаларға сай орналаспаған және экологиялық ақауы болған. Құзырлы органдар, сот қарастырып, осындай шешім қабылдап отыр, - деді Рахат ауылдық округінің әкімі Қайсар Бөгісбаев.

Енді кәсіпкер Мәрзия Рамазан сот шешіміне шағымданып, жоғарғы инстанцияларға жүгінбек. Әділдік талап еткен ол төгілген тер мен еңбек зая кетпес үшін соңына дейін баруға бекінген.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама