×

Тоғызқұмалақ көп шығынды қажет етпейді – бас жаттықтырушы

200 мыңнан астам оқушы спорттың бұл түрімен тұрақты түрде айналысады

 Айнұр Шошаева 22.12.2022 | 12:41
Halyq Uni

Қазақстанда тоғызқұмалақ мектеп бағдарламасына факультатив ретінде енгізілген. Соның арқасында қазір 200 мыңнан астам оқушы спорттың бұл түрімен тұрақты түрде айналысады, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

21 желтоқсанда Астанада ұлттық спорттың үздіктеріне «Алтын тұғыр» сыйлығы табысталды. Салтанатты шарада Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы үздік спортшылардың жаттықтырушыларын да марапаттап, құрмет көрсетті. Үздік жаттықтырушылардың қатарында тоғызқұмалақтан ұлттық құраманың бас бапкері Серік Ақтаев та бар.

Қазақстанда спорттың бұл түрінен 9 мың кәсіпқой спортшы бар. Олардың алды әлемдік, халықаралық жарыстарға қатысып, жүлделі орындарды алып жүр.

«Елімізде 200 мыңнан астам мектеп жасындағы оқушы тоғызқұмалақ үйірмесі, факультатив және спорт секцияларына қатысады. Сонымен қатар әлемдік және республикалық деңгейдегі жарыстарға қатысып жүрген 9 мың спортшы бар. Спорт үйірмедері негізінен облыс орталықтары мен ірі қалаларда көп. Оқу-ағарту министрлігі мектептерге тоғызқұмалақты факультатив ретінде енгізген. Бұл да спорттың дамуына септігін тигізді», - деді Серік Ақтаев.

Қазақстанда әуесқой спортшылардың саны артуы мүмкін. Бас бапкер ол үшін жаттықтырушыларды көбейтіп, қажетті инфрақұрылымды жасаса жеткілікті деп есептейді.

«Қазір қатысып жүрген бала көп. Алайда жаттықтырушылар көбейсе оқушылардың саны артуы мүмкін. Ол үшін маман керек, үйірмелер ашу керек. Тоғызқұмалақ көп шығынды қажет етпейді. Орындық, үстел және тоғызқұмалақ тақтасы болса, кез келген жерде ұйымдастыруға болады. Ол ғимараттың іші немесе жаз мезгілінде саябақ болуы да мүмкін», - деп толықтырды Ақтаев.

Сонымен қатар ол спорт мамандықтарына сұраныстың артып жатқанын атап өтті.

Биыл мектепті «Алтын белгіге» бітірген 11 оқушының арасында дене шынықтыру мамандығын таңдап оқуға түскендер бар. Яғни бұл спорт мамандығына әлі де сұраныс бар екенін көрсетеді. Жан-жақты жағдай жасалса, болашақта кадр тапшылығы мәселесі болмайды, - деп толықтырды сөзін ол.

Кейінгі 10-15 жылда Қазақстанда тоғызқұмалақ қарқынды дамыды. Ұлттық спортты дамытуға әкімдіктермен қатар жеке кәсіпкерлер, қайырымдылық қорлары да атсалысты.

«2022 жылдың қорытындысы бойында елімізде Ақтөбе мен Қызылорда облысы тоғызқұмалақтан көш басында тұр. Дәл осы екі өңірде спортшы да, оқушы да көп. Соңғы орында – Солүстік Қазақстан облысы. Себебі ол жақта инфрақұрылым жақсы дамымаған. Оңтүстік өңірлерде тоғызқұмалаққа сұраныс көп, өйткені халық тығыз орналасқан. Бәсеке бар жерде спорт жақсы дамиды. Сондай-ақ климаттық жағдайы да жайлы. Кейінгі жылдары Қостанай, Павлодар, Ақтөбе, Орал мен Маңғыстау облысында қарқын алып келеді», - деді жаттықтырушы.

Тоғызқұмалақ федерациясының вице-президенті Асылхан Шәкейұлының пікірінше, тоғызқұмалақтың танымалдылығы тек Қазақстанда ғана емес, әлем бойынша артып келеді.

«Тоғызқұмалақ қанатын кең жайып, дүниежүзіне таралып жатыр. Алтыншы Әлем чемпионаты Қазақстанда өтті. Спортшылар 20 елден келіп қатысты. Ішінде Ұлыбритания, Америка, Чехия, Пәкістан және Үндістан, Моңғолия сияқты елдер бар. Сол жерде тұратын қазақтар ғана емес, өзге ұлттың өкілдері келіп ойнады. Колумбия азаматы биыл үшінші орын иеленді. Мұның өзі үлкен жетістік», - деді Асылхан Шәкейұлы.

Оның сөзінше, тоғызқұмалақ мектеп бағдарламасына енген, ал балабақшада бестемше деген түрі үйретіледі.

Сондай-ақ Тоғызқұмалақ спорт федерациясы 2022 жылы Ұлттық спорт түрлері қауымдастығына қосылды.

Әрбір облыста, әрбір ауданда тоғызқұмалақты дамыту қажет. Аудан әкімдері осыған көңіл бөлуі керек. Ұлттық спортқа жергілікті жерде көңіл бөлінбесе, дамымайды, - деп қосты Асылхан Шәкейұлы.

2015 жылы елімізде ұлттық спорт түрлерінен әлемдік жарыстарда жеңімпаз болған спортшыларға сыйақы берілген. Алайда белгісіз себептермен кейінгі жылдары тоқтап қалды.

«Тек тоғызқұмалақ емес, барлық ұлттық спорт түрлерінің бұқаралық спортқа айналуы үшін кадрларды көбейтіп, қаржылай қолдау керек. Бұл жерде жарыстарда жеңімпаз болған спортшыларға арнайы сыйақы тағайындау туралы айтып отырмын. Қазір министрлік ұлттық спорт түрлерінің барлығына сыйақы төлеу мәселесін көтеріп отыр. Мысалы, әлем чемпионтанының нәтижесі бойынша 1, 2 және 3 орын алған спортшылар сыйақы алады деген жоспар бар. Егер қолданысқа енгізілсе, спортшыларға үлкен қолдау болады», - деп қорытындылады сөзін тоғызқұмалақтан Қазақстанның ұлттық құрамасының бас жаттықтырушысы Серік Ақтаев.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама