×

Яндекс.Такси: Бір күнде 200 мың қазақстандық жұмыссыз қалуы мүмкін

Компания бағаны негізсіз көтерді деген күдікке ілінген

 Дәурен Ерболат 19.12.2022 | 17:47
көрнекі фото: Halyq Uni

Қазақстанда «Яндекс.Такси» мобильді қосымшасы арқылы жұмыс істеп жүрген 200 мың қазақстандық бір күнде жұмыссыз қалу қаупі бар. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Оның айтуынша, бүгінде әртүрлі онлайн сервисте 500 мыңнан аса қазақстандық жұмыс істейді.

Бұл – қуантарлық жағдай. Оның 200 мыңға жуығы «Яндекс. Такси» қосымшасы арқылы нәпақасын табады. Ойлаңыздаршы, 200 мың қазақстандық. Менің ойымша, бұл мәселеге Үкіметтің тікелей назарын аударуы керек. «Яндекс.Такси» қосымша такси жүргізушілерін алатын комиссиясы 18 - 22% аралығында. Бұл не деген дүниеқорлық?, - деді депутат Елнұр Бейсенбаев Үкімет сағатында.

Депутат мемлекеттік органдар бұл мәселеге назар аудармай отырғанын жеткізді.

«Біріншіден, Бәсекелестікті қорғау агенттігі қайда қарап отыр? Қазақстанның салығынан да көп комиссия алынады? 200 мыңға жуық қазақстандық соншама комиссияны қазақстандық емес ұйымға жіберіп жатыр? Неге осыны бақылауға алмайсыздар?

Екіншіден, «Яндекс.Такси» қосымшасына балама қосымша жоқ. Ресейге әртүрлі санкция салынуда. Қателеспесем, Эстония, Литва «Яндекс.Таксидің» жұмысын тоқтатты. Ертең 200 мың қазақстандық бір күнде жұмыссыз қалу қаупі бар...», - деді депутат.

Елнұр Бейсенбаев Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министріне сауал жолдады.

«Бағдат Батырбекұлы, «Яндекс Такси» қосымшасында 200 мың адам жұмыс істейді деген ақпарат нақты емес. Онда қанша қазақстандық еңбек етіп жүр? Қазақстанда «Яндекс.Таксиге» бәсекелес болатын қазақстандық қосымшаны ойластыру жоспарда бар ма?», - деді ол.

Ведомсво басшысы сұрақтарға нақты жауап бере алған жоқ.

«Яндекс.Таксиде» қанша адам жұмыс істеп жатқанын білмеймін. Оны нақты білу үшін компанияға сұраныс жіберу керек. Олар жауап берсе, ақпаратпен бөлісемін... Бірнеше адам («Яндекс.Таксиге» ұқсас) қосымша жасауға тырысты. Бірақ жасай алған жоқ. Бұл – нарықтық орта», - деді Бағдат Мусин.

Сонымен қатар ол қытайлық Didi компаниямен келіссөз жүргізіп жатқанын атап өтті.

Бізге Didi деген қытайлық оператор келді. Содан кейін ол кетіп қалды. Осылайша, «Яндекс. Такси» жалғыз қалды. Didi келіп, екеуі жұмыс істесе, бәсекелестік болса, мұндай (жоғары) баға болмас еді деп ойлаймын. Сондықтан осы тұрғыда тергеу жұмысы жүргізіліп жатыр. Біз Didi-мен қайта байланыс жүргізіп жатырмыз. Біздің нарыққа келуі бойынша, – деді ведомство басшысы.

Сондай-ақ Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Болат Сәмбетов «Яндекс.Таксидегі» бағаның жоғары болуына байланысты тексеріс жүргізіліп жатқанын атап өтті.

«Жыл басынан бері агенттікке көптеген арыз түсті. Арыздар «Яндекс.Таксидің» 16 - 20% комиссиясына байланысты. Бүгінде тергеу жүргілізіп жатыр. Екі іс қозғалды. Бірінші іс – бағаның жоғары болуына байланысты. Әрбір сапардан неге 18-20% алынғанына қатысты.

Екіншіден, олар Астана және Алматыда монополист болып саналады. Нарықтағы үлесі – 70-80%. Халықтың аталған қосымшаны пайдаланбасқа амалы жоқ. Тергеу аяқталған соң нәтижесін жариялаймыз», - деді Болат Сәмбетов.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама