×

Шымкенттегі толассыз жауыннан кейін мембағдарлама аясында салынған үйлердің қабырғасы үгітіліп жатыр

«Әдия» тұрғын үй кешенінің қолданысқа берілгеніне әлі үш жыл да толмаған

фото: Halyq Uni

Шымкентте 9 наурыз түстен кейін және түнде жауған жаңбыр мөлшері айлық нормадан асып 28 миллиметрге жетті. Айлық көрсеткіш - 26 миллиметр.

Толассыз жауыннан кейін шаһардағы мемлекеттік бағдарлама аясында салынған тұрғын үйлердің қабырғасы үгітіліп, сылағы түсіп жатыр. «Әдия» тұрғын үй кешенінің тұрғындары мөлшерден тыс жауған жауын салдарынан бірнешеқабатты үйдің 1-2 жылда апатты жағдайға жететінінен қауіптеніп отыр.

«Әдия» тұрғын үй кешенінің қолданысқа берілгеніне әлі үш жыл да толмаған. Тұрғындардың айтуынша, мемлекеттік бағдарлама аясында салынған үйдің сапасы сын көтермейді. Сондай-ақ толассыз жауыннан кейін үйдің сапасыздығына анық көз жетіп отыр.

«Жаңбыр жауған сайын көретін күніміз осы. Үй сапасыз салынған. «Samruk-Kazyna Construction» АҚ мен әкімшіліктегі адамдарға қанша рет айттық. Әзірге әкімдіктен ешкім келген жоқ, ал «Самұрықтан» жылына екі рет келетіндерден әзірге нәтиже жоқ. Уәдені береді, бірақ оны орындап жатқан ешкім жоқ», - дейді Шымкент қаласының тұрғыны Айгүл Мырзаева.

Сатып алу құқығымен табысталған үйде жұрт 120 мың теңге беріп тұрады. Олар 13 жыл бойы сол қаражатты төлеп ақшаны беріп, соңында баспанасыз қаламыз ба деп алаңдайды.

Әкімдік жұмыс істемейді. Келіп көрсін, халықтың жағдайын жасасын, - дейді «Әдия» тұрғыны Сейфолла Пірәнұлы.

«Samruk-Kazyna Construction» АҚ өкілінің айтуынша, қазір компаниясы тұрғын үйді салған «Адия Тұран» құрылыс компаниясымен соттасып жатыр екен. Өткен айда сараптама жасалып, енді нәтижесін күтіп отыр.

Айта кетейік, Шымкенттегі толассыз жауыннан кейін тек мемлекеттік бағдарламамен салынған үйлер емес, қаланың ирригация жүйесі де сыр берді. Арнаға сыймаған су тіпті жол бойындағы дүкендерді де шайып кетті. Шығын көлемі әзірге белгісіз.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама