×

Halyq Uni ұсынады: Жаңа жыл қарсаңында көруге болатын ТОП-10 фильм

Тізімде романтикалық комедия, экшн, драма мен мюзикл де бар

 Ая Өміртай 19.12.2022 | 15:42
Коллаж: Halyq Uni

Жаңа жыл – қуанышқа толы отбасылық мерекелердің бірі. Осы орайда Halyq Uni жаңа жыл қарсаңында көруге болатын фильмдер топтамасын назарға ұсынып отыр.

Тілшіміз оқыримандарымыз үшін жылдың аяқталуы мен келер жылдың бастауы тұспа тұс келген мереке мазмұнын айшықтайтын кино туындылар топтамасын жасады. Мұнда классикалық романтикалық комедиялардан бастап, экшн-фильмдер, драмалар мен мюзиклдер де бар. Сонымен қатар, таңдау Netflix, Disney+, Amazon Prime, Paramount+ және HBO Max бойынша болғандықтан осы арналарға ерте бастан жазылып қойғаныңыз жөн.

  1. «Дос-Мұқасан» фильмі (2022 ж)

Қазақстан кинотеатрларында аты аңызға айналған «Дос-Мұқасан» ансамблі туралы көркем фильм 29 қыркүйектен бастап көрерменге жол тартқан еді. Көркем туынды қазақ эстрадасының шамшырағына айналған «Дос-Мұқасан» ансамблінің тарихы мен өнердегі жолын арқау еткен. Музыкалық драма «Дос-Мұқасанның» шарықтау жолын баяндай отырып, музыкадағы ең сәнді және танымал жаңалыққа айналған ансамбль орындауындағы әндерден музыкалық коллаж жасайды. Фильм негізгі идеяны театрландырылған көрініс шеруімен жұмсақ өрбіте отырып, тұтас дәуірдің үніне айналған жас музыканттардың қайратты ерік-жігеріне тәнті етеді. Аталған фильмді қалың көрермен жылы қабылдады.

  1. «16 қыз» (2016 ж)

«16 қыз» романтикалық комедиясы Қанағат Мұстафиннің екінші толықметражды фильмі. Мереке қарсаңында тілі жатық, нағыз қазақ тілінде түсірілген фильм іздеген болсаңыз дәл осы туынды көңіліңізді қалдырмайтыны анық.

Фильм желісінде жасы отыздан асқан жалғыз ұлын үйлендіруді армандайтын ата-ананың хикаясы баяндалады. Фильмде қазақтың ежелден келе жатқан «бел құда» салты көрініс береді. Болат Әбділманов, Ғани Құлжанов, Қарагөз Тілеубекова, Жомарт Зейнәбіл, Данагүл Темірсұлтанова, Азат Сейтметов, Райхан Халиолдина сынды тісқаққан театр және кино әртістері комедияның бояуының қанық болуына үлес қосқан.

Фильмнің атауы әйгілі «Дос-Мұқасан» ансамблінің «Он алты қыз» әнінен алынған. Сондай-ақ, осы ән комедияның саундтрегі (орындайтын – Қайрат Нұртас) ретінде қолданылды.

  1. «Жаңа жыл қарсаңында» (New Year’s Eve, 2011 ж)

Режиссер Гарри Маршаллдың өзі де мерекелерді ерекше жақсы көреді. Өйткені оның шығармашылық галереясына көз салған болсаңыз, дәл осы ойға бекінген болар едіңіз. Оның маусымдық жұмыстарының әрқайсысы бірнеше батыл есімдерді бір фильмге біріктіретін өзара комедияға айналады. «Жаңа жыл қарсаңында» aильм кейіпкерлері – ұйықтамайтын қала тұрғындарымен көрерменін баурап алады. Нью-Йорк жаңа жыл қарсаңында бірнеше кейіпкердің өмірін тоғыстырады: ауруханада қайтыс болған қарт адам, уәдесін орындауды шешкен хатшы, мерекеге жаны қас бола тұра Таймс-сквердегі әйгілі жаңа жылдық шоудың продюсері атанған ер адам.  

  1. Уақыт туралы (About Time, 2013 ж)

21 жастағы Тим Лейк өзінің уақытқа саяхат жасай алатынын біледі. Кезекті жаңа жыл кешінен кейінгі түнде Тимнің әкесі оның отбасындағы ер адамдар уақытқа саяхаттай алатын қасиеті бар екенін айтып береді. Тимнің тарихы өзгертуге қауқары жоқ, алайда ол өмірінде болып жатқан оқиғаларға уақыт арқылы әсер ете алады. Бір сөзбен айтқанда, махаббат пен күнделікті сұлулық туралы шынайы комедия.

  1. «Ноэльдің күнделігі» (The Noel Diary, 2022 ж)

Жаңа жыл қарсаңында ертегіге бергісіз таңғажайып оқиғалар желісіне куә болғыңыз келсе дәл осы туындыны таңдауыңызға әбден болады. Сюжет желісі бойынша оқиғалар Рождество қарсаңында басталады. Жас жазушы бала күнгі үйін жинастыруға келгенде шаң басқан естеліктердің арасынан ескі күнделік табады. Оның көмегімен кейіпкер жаңа досының анасы туралы құпияның ашылуына себепкер болады. Әрине, мұнда да екі жастың шынайы сүйіспеншілігі көрініс тапқан.

  1. Хәрри Поттер сериалдар топтамасы

Хәрри Поттер фильмдер сериясы – ағылшын жазушысы Дж.К.Роулингтің Хәрри Поттер кітаптарына негізделген. Warner Bros компаниясы түсірген топтама фэнтези жанрындағы он бір фильмнен тұрады. Оның ішінде негізгі сериясы – «Хәрри Поттер және Пәлсапа тасы» (2001) фильмінен басталып, «Хәрри Поттер және Ажал сыйларымен» аяқталады. 2-бөлім (2011), сондай-ақ «Таңғажайып хайуандар және олар қайда мекендейді» (2016), оның жалғасы «Гриндельвальдтың қылмыстары» (2018),  «Дамблдор құпиясы» (2022) фмльмдерімен жалғасады. Әлем бойынша 9,2 миллиард доллар табыс әкелген фильм франшизасы төртінші орында.

  1. Париждегі америкалық (1951 ж)

Жаңа жылдық кешіңіздің тақырыбын әлі шешкен жоқсыз ба? Мүмкін ескі Голливуд көңіліңізден шығатын болар?! Мұнда би аңыздары Джин Келли, Жордж Гетари және Оливер Лавант үшеуі париждік сұлуды қарату үшін таласады. Сюжет желісі бойынша, бұрынғы сарбаз Джерри соғыстан кейінгі Парижде суретші болуға тырысады. Оның картиналарын сатып алып, достарына ұсынатын бай меценатты тауып, біраз табысқа жетеді.

  1. «Бұл ғажайып өмір» (It's a Wonderful Life,1946)

Режиссер Фрэнк Капра түсірген бұл фильм Филип Ван Дорен Стерннің «Ең керемет сыйлық» повесіне негізделген. Фильмнің бас кейіпкері қиындықтарға төзе алмай, өз-өзіне қол жұмсауды шешеді. Бірақ қамқоршы періште оның өзге адамдардың өмірін өзгертуге себепкер болғанын өзіне көрсетеді.

Картина экранға жол тартқанда жұртшылықтың көңілінен шықпады, бұл режиссердің продюсерлік компаниясының банкротқа ұшырауына және оның кинематографиялық мансабының құлдырауына әкелді. Алайда, кейінірек лента 1970 жылдардан бастап Рождество қарсаңындағы тұрақты шоуларға байланысты кеңінен танымал болып, кейінірек дәстүрге айналады. Кинотанушы маман Дана Әмірбекованың айтуынша, аталған фильм жаңа жылдық атмосфераға бөлейтін, жақындарыңа деген ыстық махаббатты оятатын, өмірдің таңғажайыбын сезіндіретін,  құштарландыратын ерекше әсем туынды.

  1. «Жоғары қарама» (Don't Look Up, 2021 ж)

Режиссер Адам Маккей түсірген саяси сатира жанрындағы комедиялық фильм. Рөлдерде Дженнифер Лоуренс, Леонардо Ди Каприо, Мерил Стрип, Тимоти Шаламет, Кейт Бланшетт, Джона Гилл, Мэттью Перри, Химеш Пател, Ариана Гранде сынды танымал актерлер ойнап шыққан. Оқиға желісі бойынша астроном ғалымдар жерге қарай құйрықты жұлдыз қатты жылдамдықпен құйындатып келе жатқанын анықтайды. Олар АҚШ үкіметі мен басқа да елдерге апат қауіпі туралы ескертуге тырысқанымен, олар ешкім құлақ аспайды. Өйткені жердегі билікқұмарлар жалған жаңалықтар мен келеңсіздіктерге еті үйреніп кеткен еді.

  1. Мистер Саншайн (Mr. Sunshine, 2018 ж)

Мереке қарсаңында корей дорамаларынсыз кешті өткізу мүмкін еместей. Мәселен, «Мистер Саншайн» сериалы Чосон әулетінің тарихын екі жастың сезімі арқылы әсерлі жеткізеді. Оқиға ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында өрбиді. Жапон отарлығына қарсы революция әңгімелеріне қарамастан, мұнда қарапайым әскерилердің өмір тарихынан сыр шертіледі. 1871 жылы өлім аузынан қалған ұл бала Америкаға жүзіп бара жатқан әскери кемеге мініп, аман қалады. Атажұртына сарбаз болып оралған жас жігіт бала күнгі алғашқы махаббатын қайта жолықтырады. Ал корей режиссурасы мұндай драманы керемет іске асыратынын өзіңіз де жақсы білесіз.

Іске сәт!

Серіктес жаңалықтары

Сараптама