×

Елімізде екі күнде 14 адам газдан уланып, 3 адам қайтыс болды

Барлық жағдайда өрт қауіпсіздігі ережелері сақталмаған

 Динара Амантай 19.12.2022 | 14:14
Фото: ТЖМ баспасөз қызметі

Өткен тәулікте республика бойынша 14 адам ауырлығы әртүрлі дәрежедегі улы газдан улану себебінен ауруханаға жатқызылып, 3 адам қайтыс болды. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ведомство өкілдерінің мәліметінше, 19 желтоқсанда Семей қаласында пешпен жылытылатын 2 қабатты тұрғын үйдің екінші қабатында қатты отынмен жылытылатын пешті пайдалану ережелерін бұзғандықтан, түтін мұржасы тартылуының болмауына байланысты улы газдан уланып 1994, 1971 және 1997 жылы туған 3 адам ауруханаға жатқызылды

Сондай-ақ бүгін Астана қаласында пешпен жылытудың ақаулығына байланысты 2 қабатты жеке тұрғын үйде орташа ауырлықтағы улы газдан уланып, 1970, 1990, 1994, 2012, 2015, 2018 жылы туған азаматтар ауруханаға жеткізілді.

Ал кеше ШҚО Алтай ауданының Малеевск кентіндегі орталық ауруханасына улы газдан улану белгілері бар 15 жастағы жасөспірім жатқызылды. Белгілі болғандай, апат жігіт ваннада болған кезде тазаланбаған мұржаның салдарынан болған. Алтай ауданы ТЖБ қызметкерлерінің тексеруі нәтижелері бойынша улы газдың пеш қабырғасындағы жарықтар арқылы моншаға түскені анықталды. Пешті пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамағаны үшін 1983 жылы туған үй иесіне қатысты ӘҚБтК-нің 410-бабы бойынша әкімшілік хаттама жасалды. Айта кету керек, бұған дейін ТЖ қызметінің мамандары осы үйге барып, барлық ұсыныстар көрсетілген түбіртек-ұсынысты тапсыра отырып, қауіпсіздікке нұсқау берген болатын.

Жамбыл облысы Бурыл ауылындағы жеке тұрғын үйде 18 желтоқсанда газ колонкасын пайдалану ережелерін бұзғандықтан улы газдан уланып, ауыр жағдайда 1959 жылы туған үй иесі және 1990 жылы туған азамат, сондай-ақ 11 және 7 жастағы балалар ауруханаға жатқызылды. Оқиға орнына ТЖД-ның 1 қызметкері және «ҚазТрансГазАймақ» АҚ-ның 3 қызметкері барды.

Сондай-ақ Жамбыл облысында 19 желтоқсанда адамдардың өліміне әкеп соққан улы газдан улану оқиғасы болды. Қонаев ауылынан 40 шақырым қашықтықтағы «Шәріпхан» шаруа қожалығында жеке тұрғын үйде қатты отынмен жылыту пешін пайдалану ережелерін бұзғандықтан, улы газдан уланып, 1965, 1969 және 2008 жылы туған отбасының 3 мүшесі қайтыс болды. Оқиға орнына ТЖД жеке құрамның 2 адамы мен 1 техникасы шықты.

ТЖМ халыққа жазатайым оқиғаларға әкелуі мүмкін бұзушылықтарды уақтылы жоюды ұсынады. Пештердегі жарықтарды жою, мұржаларды 3 айда кемінде 1 рет тазалау, аязда пештерді қатты қыздырмау, от жағу үшін ұзындығы от жағу өлшемінен аспайтын отынды пайдалану қажет. Сондай-ақ ведомство қауіпті жағдай туындаған кезде «112» нөміріне хабарлау қажеттігін ескертеді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама