×

Астанада Өзбекстан елшілігінің ғимаратын бүлдірген ер адам сотталды

Оған маскүнемдіктен мәжбүрлеп емдеу тағайындалды

 Динара Амантай 17.12.2022 | 18:00
Фото: Halyq Uni

Астана қаласы Алматы ауданының № 2 аудандық соты елшілік ғимаратын қасақана бүлдірген ер адамға айыптау үкімін шығарды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Сот баспасөз қызметінің мәліметінше, биыл қаңтар айында М. есімді ер адам масаң күйінде Өзбекстан Республикасы елшілігінің ғимаратына кіріп, кейін елшіліктің мүлкін қасақана жойып, бүлдірген. Салдарынан Өзбекстан елшілігіне ірі мөлшерде материалдық шығын келтірілді.

Сотталушының кінәсі дәлелдемелер жиынтығымен, бақылау камераларының бейнежазбасымен расталды. Іс бойынша кінәні жеңілдететін мән-жайлар анықталған жоқ. Масаң күйде қылмыстық құқық бұзушылық жасау кінәні ауырлататын мән-жай деп танылды.

Сот үкімімен ер адам ҚК-нің 202-бабы 2-бөлігінің 5) тармағы бойынша кінәлі деп танылды және ол бойынша 3 жылға бас бостандығынан айыруға сотталды. Сондай-ақ одан Өзбекстан Республикасы елшілігінің пайдасына материалдық залал сомасы өндіріліп алынды.

Бұған қоса оған бас бостандығынан айыруды өтеу орны бойынша маскүнемдіктен мәжбүрлеп емдеу тағайындалды.

Сот үкімі заңды күшіне енді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама