×

Алматыда оқушыларды Ресей патриотизмі жайлы фильмге апарған мектеп директорына сөгіс жарияланды

Қоғам белсендісі гимназия басшысы мен қалалық білім басқармасының басшысын қызметінен алуды сұрап отыр

 Халық үні 09.12.2022 | 15:03
көрнекі фото: yandex.kz

7 желтоқсанда Алматыдағы «Цезарь» кинотеатрында оқушыларға «Россия. Нам 30 лет» атты деректі фильм көрсетілген. Бұл фильмді көруге Алматы қаласындағы №132 гимназияның 8б және 8в сынып оқушылары барған. Ал оқушыларды фильмге апарған – гимназия директоры. Бұл туралы әлеуметтік желі қолданушысы Руслан Түсіпбек жазды.

Фильм Еуразия DOC фестивалі аясында көрсетілген. Іс-шараның демеушісі – Россотрудничество агенттігі. Тіпті, фестивальде агенттік басшысының орынбасары Павел Шевцов жүр. Фильмде Ресейдің Қырымды аннексиялағанын қуаттап, қолдайтыны жайлы кейіпкерлердің аузымен айтылған. Деректі фильм Алматыдағы «Цезарь» кинотеатрында көрсетілген.

«№132 гимназия директорына сөгіс жарияланған. Бірақ бұл аздық етеді. Оны және Алматы қаласы білім басқармасының басшысын алдымен қызметінен босату керек.

Мемлекеттік органдарды бұл жағдайға бей-жай қарамай, қатаң шешім қабылдауға шақырамын. Кінәлілердің бәрін жауапқа тарту керек. Фестивальді тоқтату керек және Россотрудничество агенттігінің кез келген бастамасынан бас тарту керек. Біз Ресейдің провинциясы емеспіз», - деп жазды Руслан Түсіпбек.

Ал, 20 жылдан астам уақыт киноклубқа жетекшілік етіп келе жатқан Олег Борецкий «Цезарь» кинотеатрында болған жағдайға еш қатысы жоғын айтқан.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама