Halyq Uni логотип
×

Біртанов пен Хаменова ісі, Әсел Айтпаеваның өлімі: 2022 жылы қандай шулы істер бойынша сот үкімі шықты

Олардың арасында экс-министр, пен облыс әкімдігінің лауазымды қызметкерлері бар

 Айгерім Таубай 09.12.2022 | 13:00
Біртанов пен Хаменова ісі, Әсел Айтпаеваның өлімі: 2022 жылы қандай шулы істер бойынша сот үкімі шықты
Коллаж Halyq Uni

2022 жылы бірқатар шулы іс бойынша сот үкімі шықты. Тіпті кейінгі екі жыл бойы жалғасқан сот процесіне уақытша нүкте қойылды. Арасында экс-министр, пен облыс әкімдігінің лауазымды қызметкерлері де бар.

Halyq Uni 2022 жылы өткен сот процестеріне шолу жасады.

БЕС АДАМДЫ АТҚАН АЛМАТЫЛЫҚ ӨМІР БОЙЫНА СОТТАЛДЫ

Алматыда үйінің ауласында бес адамды атып өлтірген Игорь Дужновқа қатысты сот үкімі шықты. 2022 жылдың 26 сәуірінде сот оны өмір бойына бас бостандығынан айырды. Ол жазасын төтенше қауіпсіздік қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейді.

Айта кетейік, 2021 жылдың 20 қыркүйегі кешке Алматы тұрғыны Игорь Дужнов отбасын үйден шығаруға келген адамдарға оқ атты. Бес адам қайтыс болды: екі полицей, бір сот орындаушысы, үйдің жаңа иесі мен оның өкілі.

Күдіктінің отбасына тиесілі тұрғын үй оның алдында банкке қарыз бойынша үшінші тарапқа сатылған. Үйдің бұрынғы иесі сот шешімімен келіспей, үйді босатқысы келмеген.

Дужновтың ісі сотқа наурызда түсті. Дужнов сот процесі барысында бес адамды қасақана өлтіргені үшін кінәсін мойындамайтынын, отбасын үйінің аумағына заңсыз кірген адамдардан қорғауға тырысып, қорғану мақсатында әрекет еткенін айтты.

Ол қылмыстық кодекстің алты бабы бойынша кінәлі деп танылды.

АТЫРАУ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ СОТТАЛДЫ

Нұрлан Таубаев сот шешімімен 10 жылға бас бостандығынан айырылды.

2020 жылы Атырау облысының әкімдігі Жылыой ауданындағы Құлсары қаласында аурухана салуға шешім шығарған. Құрылыс жұмыстарын «БКК» ЖШС атқарды. Сол кезде Атырау облысы әкімінің орынбасары Нұрлан Таубаев құрылыс саласына жауапты шенеунік ретінде фирма директорының орынбасарымен кездесіп, келісімшарт сомасының 10 пайызы көлемінде пара беруді талап еткен. Артынан іске құрылыс басқармасының экс-басшысы Тимур Басаров қосылды.

Параның көлемі 7 пайыз – 185 500 000 теңгеге дейін төмендетілді. Таубаев құрылыс басқармасының басшысына алып келуге бұйрық берген. Басаров 185 730 004 теңге алған. Осы ақшаны бастығына беріп жатқан жерінен екеуі де қолға түсті.

Әкімнің бұрынғы орынбасары 10 жылға сотталса, құрылыс басқармасының экс-басшысы 5 жылға бас бостандығынан айырылды.

Таубаев сот үкіміне келіспей, облыстық сотқа апелляциялық шағым түсірген. Алайда сот үкімі өзгеріссіз қалды.

СЕЙІТҚАЗЫ МЕН ӘСЕТ МАТАЕВТАР АҚТАЛДЫ

Шілдеде Жоғарғы сот әкелі-балалы Матаевтардың ақталғанын мәлімдеді.

Сейтқазы және Әсет Матаевтардың әрекеттерінде қылмыс құрамының болмауына байланысты іс бойынша іс жүргізу тоқтатылды.

Қазақтан журналистер одағының бұрынғы басшысы Сейітқазы Матаев пен оның «ҚазТАГ» ақпарат агенттігін басқарған ұлы Әсет аса ірі көлемде бюджет қаражатын жымқырды және аса ірі көлемде салық төлеуде жалтарды деп айыпталған болатын. Екеуі де сотта кінәсін мойындаған жоқ.

2016 жылы күзде Сейтқазы Матаев алты жылға, ал оның ұлы бес жылға бас бостандығынан айырылды. Олар аппеляцияға да берді, бірақ үкім өзгеріссіз қалған. Ал 2017 жылы Матаев рақымшылыққа ілінді. Сол кезде жазасы 2 жыл 8 айға дейін қысқартылды.

ГРУЗИЯДА ҚАЙТЫС БОЛҒАН ӘСЕЛ АЙТПАЕВАҒА ҚАТЫСТЫ ІС

2 тамызда Әсел Айтпаеваның өліміне қатысты іс бойынша айыпталған Мұрат Мейірбековке сот үкімі шықты. Сотталушы «зорлау» және «адам саудасы» баптары бойынша кінәлі деп танылды. Мұрат Мейірбеков 15 жылға бас бостандығынан айырылды.

2021 жылы  Әсел Айтпаева Грузияда белгісіз жағдайда көз жұмды. Ол Грузияға өзінің алыс туысының шақыруымен жұмыс істеуге барған. Он күннен кейін қыз өлі табылды.

Грузияның құқық қорғау органы 57 жастағы Бесо Тордуаны «қыз зорлады және оны өзіне қол жұмсауға мәжбүрледі» деген айып бойынша қамауға алған еді. Алайда Тордуа түрме ауруханасында көп ұзамай қайтыс болды.

НАЗАРБАЕВТЫҢ НЕМЕРЕ ІНІСІ СОТТАЛДЫ

26 қыркүйекте Қазақстанның бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдыны алты жылға бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын қауіпсіздігі орташа колонияда өтейді.

Сатыбалдыға Қылмыстық кодекстің екі бабы «алдау немесе сенімге қиянат жасау жолымен мүліктік залал келтіру», «сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе талан-таражға салу» баптары бойынша айып тағылған болатын. Ол процесс барысында тағылған айыпты мойындады.

Сондай-ақ Сатыбалды 10 жыл бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істей алмайды. 

ЭКС-МИНИСТРГЕ ҮКІМ ШЫҚТЫ

28 қазанда бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов пен оның орынбасары болған Олжас Әбішевке сот үкімі шықты.

Сот Елжан Біртановты қылмыстық кодекстің 361-бабы 3-бөлігі бойынша санитарлық авиация ұшағын қолданғаны үшін кінәсіз деп таныды. Елжан Біртанов пен Олжас Әбішевті қылмыстық кодекстің 361-бабы 4-бөлігі 3-тармағы бойынша кінәлі деп танып, Біртановты 5 жылға бас бостандығын шектеуге, Олжас Әбішевке 4 жылға бас бостандығын шектеу туралы үкім шығарды.

Сондай-ақ Біртанов пен Әбішевтен 1 миллиард 548 миллион 136 мың 575 теңгені тең үлеспен өндіруді, ал Біртановтан санитарлық авиацияны пайдаланғаны үшін жұмсалған 5 миллион 503 мың 721 теңгені өндіріп алынатын болды.

Оларға пробациялық бақылау қойылады. Сондай-ақ екеуі де өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылды. 

Біртановқа бастапқыда мемлекеттің ақшасын жымқырды деген айып тағылды, алайда сотқа дейінгі тергеу аяқталғанға дейін 5 күн бұрын бап «лауазымдық өкілетін теріс пайдалану» деп өзгертілді. Ал Олжас Әбішев «билікті асыра пайдаланды» деген күдікке ілінді. Іс екі жылға жуық уақытқа созылды.

Біртановтың адвокаттары сотқа апелляциялық шағым түсірді.

БАҚЫТГҮЛ ХАМЕНОВА ІСІ

«Елбасыдай ерен тұлға тұрғанда, мен елімнің ертеңіне сенемін» деген өлең жолдары арқылы көпшілікке таныс Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбары Бақытгүл Хаменоваға 2022 жылдың 15 қарашасында сот үкімі шықты. Бақытгүл Хаменова 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын қауіпсіздігі орташа мекемеде 3 жылдан кейін өтейді. Хаменова сот залынан үйіне жіберілді.

2021 жылдың желтоқсанында Атырау облысы әкімінің сол кездегі орынбасары Бақытгүл Хаменова мен облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ақылбек Рысқалиев ұсталды. Олар Абай ескерткішін орнатуға мемлекеттік сатып алу шартын жасағаны үшін 4,5 миллион теңге пара алды деген күдікке ілінді. Бұл істе үшінші айыпталушы «Балқыту» ЖШС директоры Өміртай Адамов.

Ақылбек Рысқалиев те 7 жылға бас бостандығынан айырылды. «Балқыту» ЖШС директоры Өміртай Адамов 4 жылға сотталды. Олар сот үкімі шыққанға дейін бостандықта жүрді. Екеуі де сот залында қамауға алынды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама