×

«Қызым қайтып келмейді»: Әсел Айтпаеваның анасы сот үкіміне қатысты пікір білдірді (ВИДЕО)

Мұрат Мейірбеков 15 жылға бас бостандығынан айырылды

 Айнұр Шошаева 02.08.2022 | 22:27
фото: Halyq Uni/ Әлиакпар Қадырбаев

Бір жыл бұрын Грузияда қайтыс болған қазақстандық Әсел Айтпаеваның ісі бойынша сот үкімі шықты. Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот Мұрат Мейірбековті 15 жылға бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Мұрат Мейірбеков Қылмыстық кодекстің 120-бабының 1-бөлігінде («зорлау»), 128-бабының 4-бөлігі 2-тармағында («адам саудасы») қарастырылған қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылды.

Жәбірленуші тарап сот үкіміне көңілі толатынын жеткізді.

Қызым қайта келмейтінін білемін. Осы әділеттілікке қол жеткізу үшін әр күн сайын жүгірдім. Әділ шешім шығарған судьяға, Қазақстанның Бас прокуратурасы мен ІІМ-ге алғыс айтамын. Соңына дейін менімен бірге болған барлық қазақстандыққа рахмет, - деді марқұм Әселдің анасы Айсұлу Айтпаева.

Адвокат Саида Сүлейменованың айтуынша, сот азаматтық талап арызды жартылай қанағаттандырды. Бастапқыда жәбірленуші тарапқа 50 миллион теңге көлемінде моральдық шығын төлеуді талап еткен. Сот шешімімен марқұмның анасы мен әкесінің пайдасына Мейірбековтен моральдық шығын ретінде әрқайсысына 5 миллион теңгеден өндіріледі.

Айта кетейік, 2021 жылдың мамырында Грузияға жұмыс істеуге кеткен 26 жастағы қазақстандық Әсел Айтпаева белгісіз жағдайда қайтыс болды.  Кейін осы іске қатысты 57 жастағы Грузия азаматы Бесик Тордуа ұсталды. Әсел Айтпаева оның пәтерінің терезесінен құлағаны анықталды. Оған қатысты зорлау және өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізді деген айып тағылды. Алайда Тордуа көп ұзамай тергеу изоляторында қайтыс болды.

Содан кейін Айтпаеваны Грузияға жұмыс істеуге шақырған туысы, қазақстандық Мұрат Мейірбеков адам саудасына қатысты күдікке ілінді. Мұрат Мейірбеков қыз қайтыс болардан бір күн бұрын Қазақстанға оралған. Ол Нұр-Сұлтандағы уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама