×

Алматылық полицейлер 9 жастағы қыздың қалай табылғанын айтты

Менің Айшамен құрдас қызым бар. Сондықтан мені жоғалған оқушының тағдыры қатты алаңдатты, - деді тәртіп сақшысы

 Дастан Жұмабекұлы 08.12.2022 | 09:56
фото: polisia.kz

Алматыда патрульдік полиция қызметкерлері 9 жастағы Айша Тимурды қалай тапқандарын айтып берді.

 Polisia.kz-ке берген сұхбатында полиция қызметі басқармасы патрульдік полиция полкінің инспекторы Алмас Құрақбаев оқушының троллейбуста табылғанын айтты.

Бізге сағат 09:00 шамасында 9 жастағы Айшаның жоғалғаны туралы хабар келіп түсті. Біз мекенжайға бардық. Ақпарат расталды. Содан кейін баланы іздестіру жұмыстарына Түрксіб аудандық ПБ-ның жеке құрамы, Алматы гарнизоны мен еріктілер жұмылдырылды, –  деді Алмас Құрақбаев.

Оның айтуынша, күндізгі іздестіру нәтиже бермеген соң, ол жұмыс уақыты сағат 16:00-де аяқталғанына қарамай, әріптестерімен бірге қызметте қалып, баланы іздеуді жалғастырды.

«Мен – үш баланың әкесімін. Қыздарымның бірі – Айшамен құрдас. Мені Айшаның тағдыры қатты алаңдатты. Бүкіл гарнизон, Алматы қаласының барлық тұрғыны қыз үшін алаңдады», –  деді ол.

Күндізгі іздестіруде бейнебақылау жүйелерінің арқасында қыздың троллейбусқа мінгені анықталған.

Жүргізушінің номерін троллейбус паркінің диспетчерінен сұрап, оған телефон соқтық. Ол Айшаның троллейбуста екендігін растады. Бұл туралы дереу ЖБО-ның кезекшісіне хабарладық. Еріктілермен бірге Байтұрсынов пен Бұқар жырау көшелерінің қиылысында троллейбусты қуып жеттік. Айша тролейбуста болды. Мен оны көтеріп, патрульдік көлікке отырғызып, полиция басқармасына апарып, ата-анасына тапсырдым. Құдайға шүкір, ол аман-есен табылды, –  деді полиция қызметкері.

Айта кетсек, қыздың өзі 6 желтоқсанда таңертең сағат 07:40-та үйден шығып, мектепке бармаған болатын.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама