×

Путин полицейлер санын миллион адамға көбейтті

Келесі жылы Ресейде 992 мың ішкі істер қызметкері болады

 Дастан Жұмабекұлы 07.12.2022 | 15:41
фото: ашық дереккөз

Ресей президенті Владимир Путин ішкі істер органдарының штаттық санын күрт көбейтті. Бұл туралы The Moskow News хабарлады.

Президенттің жарлығына қарағанда, полиция қызметкерлерінің саны 2023 жылы 992 мың, 2024 жылы 934 мың, 2025 жылы 938 мың адамға дейін жетуге тиіс. Бірақ штаттық кесте бойынша қанша адамның ел күзетінде болатыны, қанша адамның ғимараттарға қызмет ететіні атап көрсетілмеген.

Келесі жылғы 1 қаңтардан бастап Ресейде 770 599 ішкі істер органдарының қызметкері, 17 823 федералды мемлекеттік азаматтық қызметкер және 133 639 ІІМ қызметкері болады.

Бұған дейін Ішкі істер министрлігі қызметкерлерінің штаттық кестесі 2014 жылғы көктемде Қырым аннексияланғаннан кейін бір көтеріліп еді. Сол жолы штат 894 мың адамға дейін кеңейтілді. Олардың 746 мыңы тікелей полицейлер болды.

Биылғы қыркүйектің соңында Украинаның 4 облысын аннексиялап алғанын жариялаған Путин сол күні-ақ Ішкі істер министрлігінің орталық аппаратын 180 адамға көбейтіп, 6 760 қызметкерге жеткізген болатын.

Жалпы алғанда, Ішкі істер министрлігінің, Росгвардияның, Арнайы қызметтің, Тергеу комитетінің, Прокуратураның және ФСИН жүйесінің шығындары 4,417 трлн рубль болады. 2022 жылмен салыстырғанда, шығын 1,5 есе өскелі тұр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама