×

50 мың адам дауыс беруге тиіс: заңға петиция ұғымы енгізіледі

Петицияны міндетті түрде қарау үшін оны қолдайтын дауыстың шекті мәні болады

 Дәурен Ерболат 07.12.2022 | 10:54
көрнекі фото: aauw.org

Мәжілістің жалпы отырысында «Қоғамдық бақылау туралы» және оған ілеспе заң жобасы қаралып жатыр. Заң жобасын депутаттарға Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі таныстырды.

Министрдің айтуынша, құжаттар президент тапсырмасы бойынша әзірленген.

Заң жобасына қоғамдық бақылау, қоғамдық бақылау субъектілері, және қоғамдық бақылау объектілері деген ұғымдар енгізілген.

Заңда қоғамдық бақылауды жүзеге асыруға қатысу шарттары айқындалған. Қоғамдық бақылауды іске асыруға 18 жасқа толмаған, соттылығы өтелмеген, наркологиялық немесе психикалық есепте тұрған адамдар жіберілмейді. Сонымен қатар қызметінде шетелдің қатысы бар, қолданыстағы заңнамаға сәйкес қызметі тоқтатылған немесе тыйым салынған коммерциялық емес ұйымдарға шектеу қойылады, - деді министр.

Қоғамдық бақылау нәтижелерін қарау нормалары да бекітілді. Осылайша, қоғамдық бақылау объектілері қоғамдық бақылау нәтижелері бойынша қорытынды құжатты 10 күнде қарап және дәлелді жауап жіберуі керек.

Сондай-ақ Дархан Қыдырәлі қоғамдық бақылау жүргізу тәртібін реттейтін ілеспе заң жобасына тоқталды.

«Біріншіден, заңнамада петиция ұғымы беріледі. Екіншіден, Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексте петицияларды беру және қарау тәртібі бекітілген. Үшіншіден, петицияны Қазақстан азаматтары арнайы интернет портал арқылы бере алады. Төртіншіден, уәкілетті орган петиция жария болғанша заңда бекітілген шарттарға сәйкестігін анықтайды», - деді ведомство басшысы.

Оның айтуынша, петиция берілген күннен бастап 20 жұмыс күні ішінде оған кемінде еліміздің 150 азаматы қосылуы керек.

Мұндай тәжірибе петиция институты құрылған бірқатар елде (АҚШ, Өзбекстан және тағы басқа) қолданылады. Бұл – қоғамдық деңгейдегі мәселе емес, жекелеген азаматтардың өтініштерін қысқартуға мүмкіндік береді.

Бесіншіден, петицияны міндетті түрде қарау үшін оны қолдайтын дауыстың шекті мәні болады:

  • Аудандық деңгей (әкімдіктер) халқы 50 мыңнан асатын болса, 2,5 мың дауыс, қалғандары үшін халық санының кемінде 5%-ы болуы керек.
  • Аудандық деңгей (мәслихаттар) – халқы 50 мыңнан асатын болса, 5 мың дауыс, қалғандары үшін халық санының кемінде 10%-ы;
  • Облыстық деңгей (әкімдіктер) – тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің тұрғындарының 1% дауысы;
  • Облыстық деңгей (мәслихаттар) – тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік халқының кемінде 2%-ы;
  • Республикалық деңгей (Үкімет) – кемінде 50 мың дауыс.

Алтыншыдан, петицияны қарау барысында мемлекеттік орган петиция авторын шақырып, хабардар етіп, мемлекеттік орган шешімінің жобасын жария талқылауды ұйымдастырып, жеке комиссия немесе жұмыс тобын құрады.

«Жетіншіден, петиция бойынша шешімді мемлекеттік органның бірінші басшысы ғана қабылдайды. Сегізіншіден, мәслихат депутаттарына петицияны ілгерілету кезеңінде қол жинауға қатысу, мемлекеттік органдардың петицияларды қарауына мониторинг жүргізу, петицияларды қарау бойынша өз округінің сайлаушыларын хабардар ету және тағы басқа өкілеттіктер беру үшін «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заңға өзгерістер енгізу ұсынылады», - деді Дархан Қыдырәлі.

Мәжіліс депутаттары дауыс беру арқылы заң жобаларын мақұлдады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама