×

Мәдениет министрлігі Сурдлимпиада чемпионы Еркебұлан Қанафиннен сотта жеңілді

Еркебұлан Қанафин 81 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сурдо дзюдодан жарыстарда жетістікке жеткен

 Халық үні 05.12.2022 | 10:19
Коллаж Halyq Uni

Мәдениет және спорт министрлігі Сурдлимпиада чемпионы Еркебұлан Қанафиннің талабы бойынша сотта жеңілді, деп хабарлайды Halyq Uni.

Ұлттық Сурдлимпиада комитетінің хабарлауынша, 30 қарашада Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотында Қазақстанның мәдениет және спорт министрлігі мен 2022 жылғы Сурдлимпиада ойындарының чемпионы Еркебұлан Қанафин арасындағы іс бойынша шешім шығарылды.

Қазақстанның әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 151, 152, 154, 155 баптарын басшылыққа алып, сот өткен ойындардағы алтын медаль үшін Қанафинге ақшалай сыйақы төлеуден бас тарту туралы шешімді заңсыз деп тапты.

Қазақстан Республикасы мәдениет және спорт министрлігі мемлекеттік мекемесінің Қанафин Еркебұлан Қайратұлына ақшалай сыйақы төлеуден бас тарту жөніндегі әрекеті заңсыз деп танылсын. Мәдениет және спорт министрлігі мемлекеттік мекемесі Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылдың 27 наурыздағы қаулысында белгіленген мөлшерде Қанафин Еркебұлан Қайратұлына ақшалай сыйақы төлемін жүргізуге міндеттелсін, - делінген мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының шешімінде.

Айта кетейік, Еркебұлан Қанафин 81 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сурдо дзюдодан жарыстарда жетістікке жетті. Ол ұлттық құрамаға алғашқы алтын медалді алып келді. Алайда спортшының бұл жетістігі Мәдениет және спорт министрлігінің пікірі негізінде жойылды.

Ведомство Еркебұлан Қанафин есту қабілеті нашар спортшылар арасындағы ресми жарыстарға қатысушы емес екенін, ұлттық құраманың мүшесі емес екенін және есту қабілеті нашар мүгедек емес және мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін спорт ұйымдарына қабылданбағанын мәлімдеді. Содан кейін министрлік Еркебұлан Қанафиннің медалін мойындамайтынын ресми түрде мәлімдеді.

«Біз осы мәселе туындаған алғашқы күннен бастап Қанафиннің бұл күресте жеңетініне сендік. Министрліктің шулы дәне қорлау мәндегі мәлімдемесіне қарамастан, министрліктен сотқа ешқандай талап арыз түспеген. Бірақ Ұлттық Сурдлимпиада комитеті Еркебұлан Қанафинге қатысты Халықаралық саңыраулар спорт комитетіне ресми сұрау жолдады, сарапшылар спортшының лайықты марапатын тағы да растады», - делінген Ұлттық Сурдлимпиада комитетінің мәлімдемесінде.

Еркебұлан Қанафин де соттағы жеңісіне қатысты пікір білдірді.

Олимпиада медалін алу үшін өте қиын жолдан өттім, бірақ мені бұл жеңістен кейін ең қиын сынақ күтіп тұрғанын білмедім. Министрлік маған белгісіз себеппен мен туралы, менің денсаулығыма қатысты, сондай-ақ есту қабілеті нашар спортшылар арасындағы ойындардағы жеңісім туралы жалған ақпарат таратты, - деді спортшы.

Ол сондай-ақ өзін сотта тегін қорғауға ықылас білдірген адвокат Абылайхан Нұртаевқа алғыс айтты.

Соттың хабарлауынша, шешім заңды күшіне енген жоқ. Министрлік екі ай ішінде сот шешіміне қарсы шағым жаза алады.

Айта кетейік, бұған дейін Еркебұлан Қанафиннің Қазақстанның ұлттық құрама командасының қатарына кірмегенін, есту қабілеті нашар спортшылардың жарыстарына мүлдем қатыспағаны туралы ақпарат тарады. Оған қатысты Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Самат Ерғалиев пікір білдірді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама