×

Алматы облысында «Қазақстан халқына» 200 млн теңге аударған компанияға тиесілі зауыт жабылмақ

Зауыт жабылса, ауылда адам қалмауы да мүмкін

 Думан Қырықбаев 05.03.2022 | 09:50
фото: Halyq Uni

Алматы облысында 100-ге жуық адам бір сәтте жұмыссыз қалмақ. Сонау кеңестік кезеңнен бері жарты ғасырдан астам уақыт бүкіл теміржол саласын қиыршық таспен қамтамасыз етіп келген Кербұлақ ауданындағы ірі өндіріс орны жұмысын тоқтатуға мәжбүр.

Зауыт басшылығының айтуынша, биылдан бастап тапсырыс азайып, кәсіпорын шығынға батқан. Мәселен, былтыр 370 мың тонна қиыршық тас өңдесе, биыл «Қазақстан темір жолы» бар болғаны 70 мың тоннаға сұраныс жасаған. Оның үстіне, сатылым бағасынан өнім шығыны артып кеткен көрінеді. Ал, бұл жағдай тікелей зауыттың жабылуына әкеп соққан. Енді, сонда еңбек ететін 88 адамның 90 пайызы жұмыстан қысқартылғалы отыр. Наурыздан бастап олардың қолына жұмысынан босатылатыны туралы ескерту қағазы тиген.

«Мен еңбек жолымды сонау 80-ші жылдары осы жерде бастағанмын. 42 жыл бойы табан аудармай қызмет еттім. Бала-шағамды осы зауытпен асырап отырмын. Қазір жасым 60-қа келді. Зейнет жасына аз қалғанда, жұмыссыз қалып жатырмыз. Енді, мені еш жерге жұмысқа алмайды. Бәріміздің басымызда кредит бар. Аяқ асты осындай жағдайға тап болдық. Керек кезде істететті де, керек емес кезде тоқтатып тастады. Бұл дұрыс емес қой. Қиыншылық болған 90-жылдары да біз сүрінбей істеп кеткенбіз. Енді егемен ел болып, жағдай дұрысталғанда, осындай жағдай болғанына бәріміздің ішіміз күйіп тұр», - дейді, зауыт қызметкері Өмірхан Үдербаев.

Кәсіпорында жұмыс істейтіндердің дені зейнет жасына жақындап қалған. Сондықтан, олардың басқа барар жері, басар тауы жоқ. Ал мұндағы жастардың көбі жалақыны азсынып, баяғыда-ақ үлкен қалаларға кетіп қалған. Енді Өмірхан Үдербаев секілді азаматтар да ауылдан үдере көшетін болса, бүтіндей елді мекен елсіз қалмақ. Онсыз да Малайсары стансасында 300-дей ғана адам тұрады.

«Зауыт жабылатын болса, бізбен бірге теміржол стансасы, одан кейін мектеп, бәрі жабылады. Бұл домино ойыны сияқты ғой. Біреуі құлағаннан кейін бәрі құлайды. Осылайша, бір сәтте барымыздан айырылғалы отырмыз. Жұмыс жоқ болғаннан кейін ешкім тұрақтап қалмайды. Әсіресе, жастарға қиын болады», - дейді ауыл тұрғыны Бөкенбай Оразбеков.

Жарты ғасыр бойы толық қуатында жұмыс істеп келген өндіріс орны бір күнде тоқтап қалады деп ешкім ойламаған. Онда жылына 400 мың тоннадай қиыршық тас өңделді. Өнімі еліміздегі әйгілі Құрғақ порты, Жетіген - Қорғас, Жезқазған - Бейнеу теміржолының құрылысына пайдаланылған. Зауыт қызметкері Әмірхан Әбішевтің айтуынша, жұмысшылардың жалақысы «Қазақстан халқына» қорына аударылып кеткен болуы мүмкін.

«Біздің зауыт Нұр-Сұлтандағы «Интегра» деген компанияның филиалы. Тікелей соған бағынады. Сол компания осыдан бір ай бұрын «Қазақстан халқына» қорына 200 млн теңге қаржы бөлді. Біздің жалақымыз сол жаққа аударылып кеткен жоқ па екен деймін.

Қаңтар оқиғағасына да себеп болған жұмыссыздық мәселесі емес пе? Біз де енді далада қалмақпыз. Біле білсе, бүтіндей бір ауылдың тағдыры осы зауытқа қарап отыр. Сонда басшылықтағы кісіні бұл жағдай еш алаңдатпай ма, әлде жағдайымызды түсінбей ме?! Осы мәселені шешіп беруді сұраймыз. Өздеріңіз білесіздер, бір тоқтаған зауыттың қайта нық тұруы өте қиын болады. Қаншама ұрлық болуы мүмкін. Ең керек заттарын алып кетуі де ықтимал. Содан кейін, зауыт қайта жұмыс істеуі екіталай», - деді ауыл тұрғыны.

«Жоламан» шағылтас зауытының директоры Самат Маратұлы да кәсіпорын тоқтаса, қайта жұмыс істеуі екі талай екенін мойындап отыр.

«Бізде қиыршық тас 3 түрлі фракциямен өңделеді. Ең ірісі теміржолға төселеді. Оның 1 тоннасын ҚТЖ компаниясы келісім-шарт негізінде 2500 теңгеден алады. Ал, бізде оны карерьден алып, өңдеп шығару бар, жалақы бар, қосымша шығынды есептегенде, тоннасының өзіндік құны 3500 теңге болады. Сонда біздің компания мың теңге шығынды өз қалтасынан төлеп отыр. Сол себепті, биылдан бастап біз жабылайын деп жатырмыз. 90 процент жұмысшыны қысқарту туралы шешім қабылдады. Оларға өтемақы ретінде екі айлық жалақы беріледі», - деді зауыт директоры.

Жалпы, бұл зауыт ауыл халқын тек еңбекпен емес, ауыз сумен және электр жарығымен де қамтамасыз етіп отыр. Бір сөзбен айтқанда, елді мекен тамырына қан жүгіртіп отырған осы өндіріс орны. Сондықтан, ол толығымен тоқтаса, көбісі жұмыс қамымен отбасын алып, жан-жаққа кетеді. Ал оның салдарынан 100-дей бала оқитын мектеп жабылып, көпқабатты үйлер қаңырап бос қалуы бек мүмкін.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама