×

Тұрғындардың көбі жетімдер үйінде өскен: Шымкентте жүзден аса отбасы жарық пен жылусыз қалды

Жаңбыр жауса, тоғыз қабатты тұрғын үйдің ішіне су кіреді

Коллаж: Халық үні

Шымкентте балалар үйінен шыққандар мен жалғызбасты аналар, болашағы жоқ ауылдан көшіп келген отбасылар тұратын тұрғын үйде жылу мен жарықсыз қалды. №135 тұрғын үй Нұрсат шағын ауданында орналасқан.

Мердігер 9 қабатты үйдің шатырын жаңбыр жауған кезде ауыстыруды бастаған. Соның салдарынан мемлекеттік бағдарлама бойынша жалдамалы баспанада тұрып жатқан жүзден аса отбасы әбіргерге түсті.

Тұрғын үй 9 жыл бұрын қолданысқа берілген. Мұнда тұратындардың бірі – Руслан Жоев. Балалар үйінде тәрбиеленген ол жаңа үйге көшіп келгеннен бастап жылына екі рет жөндеу жұмыстарын жүргізетінін айтады.

«Бұл тұрғын үйге 2014 жылы көшіп келдім. Содан бері 6 ай сайын жөндеу жұмыстарын жүргіземіз. Өзім құрылысшымын. Шынымды айтсам, шаршап кеттім. Үйді қалай болса солай салып бере салған. Кеше жаңбыр жауып, тағы да шатырдан су ақты. Содан атылып, жарық өшті. Одан кейін жылу да жоқ. Енді қараңғы үйде отырмыз. Бала-шағамды туысқандардың үйіне жібердім», - дейді Руслан Жоев.

Тұрғындар сөзінше, жаңбыр жауса тұрғын үйдің шатырынан су ағады. Содан бері бірнеше рет әкім ауысса да, жағдай түзелмеген.

«Бұл жерде жетімдер тұрады деді ме, әйтеуір бізге былыққа батқан баспананы берді. Жаңбыр жауса болды төбеден су ағады. Қанша әкім ауысса да ештеңе өзгермеді. Ғабидолла Әбдрахымов әкім болып тұрған кезде бір кісілер ақша бөліп, шатырды ауыстырып берді. Бірақ өте арзан шатыр қойған екен, бірнеше жылдан соң бүлінді. Содан қазіргі әкім Мұрат Әйтеновке де бардық. Жағдайымызды бәрі біледі», - дейді Рәбилә Жәлелова.

Қала әкімдігі мердігерді анықтап, шатырды жөндеуге шешім қабылдаған. Алайда мердігер жұмысты жаңбыр жауға кезде бастаған. Үйдің ішіне су кірген соң жөндеу жұмыстарына тұрғындар да көмектескен.

«Бізде жобалық-сметалық құжат дайын болмады. Ол болмаса, рұқсат қағаз ала алмаймыз», - дейді Шымкент тұрғын үй басқармасы басшысының орынбасары Оспан Әбиев.

Әкімдіктің хабарлауынша, жөндеу жұмыстарын мердігер компания өз қаражатына жүргізеді. Ал жарық пен жылу су кепкен соң қосылады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама