×

Талдықорғанда жарты жыл бұрын қолданысқа берілген тұрғын үйдің іші азынап тұр

Тұрғын үй 2022 жылдың сәуірінде қолданысқа берілген

 Халық үні 30.11.2022 | 09:32
Коллаж: Халық үні

Талдықорғандағы Бірлік шағын ауданындағы тұрғындар тұрғын үйге жылудың дұрыс берілмейтінін айтып шағымданды.

Тұрғындардың айтуынша, №7 көпқабатты үй стандартқа сай салынбаған. Үйдің терезесіне мұз қатады, пәтерлердің қабырғасынан суық ауа кіреді.

Пәтер иелері бұған кімді кінәлап, кімнен көмек сұрарын білмей отыр. Тұрғындар құрылыс материалы сапасыз болғандықтан, терезеден суық кіретінін айтады. Сол себепті пәтер ішінде қалың киініп жүруге мәжбүр.

Қыста осылай болады деп ойламадық. Кран жарылып жатыр. Сапасы нашар. Қаншама рет арыз жаздық, - дейді қала тұрғыны Назгүл Әбілғайсанова.

Бұл пәтер 2022 жылдың сәуірінде қолданысқа берілген.

Мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған жалғызбасты ана Мақпал Бақыттың мұндай пәтерде тұрғанша, далада тұрғаным артық деп қынжылады.

Мүгедек қызым бар. Өкпесіне суық тиіп, жақында ғана жансақтау бөлімінен шықтық. Жуынатын бөлмеге мүлде кіре алмаймыз. Жалға пәтер іздеп жатырмын. Ипотеканы да төлеуім керек, - дейді қала тұрғыны.

Жаңа аудандағы жаңа үйдің құрылысы 2021 жылдың тамызында аяқталған. Құрылысына мердігер компания – «РЕГОЛИТ» ЖШС. Қалалық әкімдік өкілдері тұрғындар шағымына жауап берді.

«Қазір «РЕГОЛИТ» компаниясын сотқа бердік. Құжат бойынша екі жылға кепілдік қарастырылған. Қайта жөндеу жұмыстарын жүргізуге тиіс», - дейді Талдықорған қалалық құрылыс секторының меңгерушісі Қайрат Қазбекұлы.

Әмина Құдайберген, Жетісу облысы

Серіктес жаңалықтары

Сараптама