×

Баспана алу, емделу: Миллионнан астам қазақстандық зейнетақы жинағын пайдаланған

Зейнетақы жинағының шекті сомасы 2022 жылдың сәуіріне дейін көтерілмейді

 Айнұр Шошаева 03.03.2022 | 17:09
коллаж: Halyq Uni

2021 жылдың қаңтарынан осы уақытқа дейін 1 миллионнан астам қазақстандық зейнетақы жинақтарына баспана алды, емделуге жұмсап, өзге қаржы институттарына сенімгерлік басқаруға берді.

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының мәліметінше, 2021 жылдың қаңтары мен осы жылдың 1 наурызы аралығында 967 853 қазақстандық зейнетақы жинағының шекті мөлшерден асатын сомасын үй жағдайын жақсартуға алу үшін өтінім берді. Оларға қордан 2,7 трлн теңге қаржы аударылды. Бұл ретте біржолғы зейнетақы төлемдерінің орташа сомасы 3,1 млн теңге болды. Зейнетақы жинағын алғандардың басым көпшілігі Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларының және Маңғыстау облысының тұрғындары.

Айта кетерлігі, уәкілетті операторлардан салымшылардың (алушылардың) жеке зейнетақы шоттарына өтініш берушінің өтініші және өзге де себептермен 379,9 млрд теңгеден аса қаражат қайтарылды. Себебі, қазақстандықтар біржолғы зейнетақы төлемдерін белгіленген мерзімде пайдаланбаған.

Сонымен қатар 198 657 азамат зейнетақы жинақтарын емделуге пайдалану үшін өтінім берді. Жалпы сома 176,4 млрд теңгені құрайды. Бұл ретте алуға болатын орташа сома – шамамен 0,9 млн теңге. Бірақ, өтініш берушінің өтініші немесе өзге де себептермен белгіленген мерзімде пайдаланылмаған 19,9 млрд теңге салымшылардың шоттарына қайтарылды.

Еске салсақ, 3 желтоқсанда Қазақстанда зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын пайдаланудың шекті мөлшері 2022 жылы шамамен 1,8 есе өсетіні хабарланды. Мәселен, егер 2021 жылы 35 жастағы азаматтар үшін шекті көрсеткіш 2 940 000 теңге болса, келесі жылдан бастап ол 5 060 000 теңгеге дейін өседі.

Үкіметтің бұл шешімі зейнетақы жинағындағы ақшасын пайдаланып үлгермеген салымшылардың ашуын туғызып, халық тарапынан шекті соманы өсірмеу туралы ұсыныс жасалды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көпшіліктің өтінішіне құлақ асып, Үкіметке зейнетақы қорындағы қаражатты пайдалануға қатысты шекті межені көтеру мерзімін 2022 жылдың 1 сәуіріне дейін ұзартуды тапсырды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама